Әлеуметтік желіде ойланып сөйлейік

Әлеуметтік желіде ойланып сөйлейік
(0 Votes)

Төртінші Ұлттық Құрылтайда Президентіміз қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кеткенін айтты. Кейде жазықсыз адамдарға да жала жабылып жатады. Соңынан кінәлаған адам кешірім сұрайды. Алайда, жасарын жасап алғаннан кейін, жүрекке салған жара жазыла ма? Жалпы біреу туралы тисе терекке, тимесе бұтаққа деп анығына жетпей жатып жаза салатындар да көбейіп барады. Оны іліп алып пікір жазып қаралай жөнелетіндер де табылады. 

Қателеспейтін адам жоқ. Бұрын қазақ: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды», деп ондайларға кешіріммен қараса, қазір кейбір блогерлер оқылымды көбейту үшін жерден жеті қоян тапқандай жариялай салады. Ол жазбаны қаншама адам оқитынын ойламайды. Түймедейді түйедей етіп көрсетеді. Қылмысқа қатысты нәрсе немесе әділ сын болса бір жөн. Жүрегі нашар адамдар жазықсыз тиіскенді көтере бермейді. Сондықтан, адам тағдырына байыппен қарағанымыз жөн. Президентіміз: «Жалған мәлімет таратушылар бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек» – деп дұрыс айтып отыр. Әлеуметтік желіде адамға тіл тигізуге, ар-намысын таптап, жалған ақпарат таратуға тыйым салатын уақыт жетті деп ойлаймын. Жалпы әлеуметтік желіде ойланып сөйлейік.

Жұмақай Ғұмаров,

аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT