Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге ала алмаған азаматтардың бұл әлеуметтік төлемді алуға әлі де мүмкіндігі бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасовтың айтуынша, әр азаматтың өтініші мұқият тексеріледі.
«Төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Сонымен бірге, 42 500 теңге төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін, аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек», – деді Ақмәди Сарбасов.
Оның айтуынша, карантин енгізілген өңірлерде ШОБ, ірі кәсіпкерлік, коммерциялық емес заңды тұлғалар жұмысшыларының атынан өтініш бере алады. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі. Әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өз атынан береді.
Сурет: ашық дереккөз