Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 2023 жылға арналған оқуға қабылдау ережелері ауданның мемлекеттік қызметшілеріне түсіндірілді.
Ауданға арнайы іс-сапармен келген академияның Атырау облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Назерке Ғалымжанқызы оқуға түсу ережелері мен құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге тоқталып, оқу бағдарламалары туралы презентация жасады.
Магистратура мен докторантура бағдарламаларына қойылатын негізгі талаптарды түсіндіріп, конкурстық іріктеу кезеңдерінің және қабылдау алгоритмін айтып өтті. Сондай-ақ, академияда білім алудың артықшылықтарын айшықтады.
Айта кетейік, 2021 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына өңірімізден 8 мемлекеттік қызметші оқуға түсіп, мансаптық өсуде батыл қадамдар жасаса, 2022 жылы өңірімізден 9 мемлекеттік қызметші магистратураға оқуға түскен. Олар негізінен Құрманғазы, Исатай, Жылыой ауданының және қаладағы мемлекеттік қызметшілер.
Кездесу барысында қатысушылар өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарын алды. Шараны қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Бекбол Қуатұлы қызметшілерді білімін жетілдіруге шақырды.
Еске сала кетейік, академияға оқуға құжат қабылдау 3 сәуір мен 29 маусым аралығында өтеді. Магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша 2023 жылға құжат қабылдау онлайн форматта жүзеге асырылады. Электронды құжаттарды академияның ақпараттық жүйесіне электронды түрде жүктеу қажет.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі