АСТАНА. KAZINFORM – Astana Hub алаңында өткен ұлттық AI SANA Generative Nation байқауының ақтық кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 335 өтінім түсті, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Іріктеу қорытындысы бойынша 20 команда финалға шықты.
Финалистер медицина, білім, экология, өнеркәсіп және спорт салаларына арналған AI-жобаларын ұсынды. Жеңімпаздар:
Best School AI Project – Úmit (мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған құрылғы);
Best Student AI Project – Beelieve (смарт-омарта жүйесі);
Best Startup AI Project – TrustExam (онлайн емтихан әділдігін бақылайтын платформа);
Best Science AI Project – Mirai Tech (қимылды талдайтын сенсорлық AI-платформа).
Жүлде қоры да қомақты болды. Мектеп оқушыларына ноутбук пен білім гранттары, студенттерге – 5 млн теңге, стартапқа – 7 млн теңге, ғылыми жобаға – 10 млн теңге және Digital Bridge 2025 алаңында жобаларын таныстыру мүмкіндігі берілді. Барлық жеңімпаздар Astana Hub коворкингін алты ай пайдалана алады.
Қазылар алқасына мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық компания өкілдері кірді. Байқаудың менторлары қатарында ҚР Үкіметі мүшелері мен IT-сарапшылар бар.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, конкурсқа түскен жүздеген өтінім қазақстандық жастардың AI саласына деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Айта кетейік, ЕҰУ-де отандық AI жобалар таныстырылғаны туралы да жазған болатынбыз.