Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы», деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Осыған орай, Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжінің өндірістік жоспарына сай, аудан мектептерінің 9 және 11 сынып түлектеріне «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Мақсаты: 2025-2026 оқу жылына талапкерлерді оқуға шақыру, колледждегі мамандықтардың маңызы мен мәні туралы түсінік беру, жастардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауына көмектесу.
«Ашық есік күніне» 24 мектептен 228 оқушы қатысты. Олар бағдарламаға сәйкес колледждің материалдық-техникалық базасымен, берілетін мамандық түрлерімен таныстырылды. Мамандыққа бағытталған кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, қызығушылық танытқан оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің арасында «Дебат ойыны», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысы, «Мамандықтар әлемінде» квест ойыны өткізілді.
Шара соңында мектеп оқушыларына түскі дәм ұсынылды.