Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде БАҚ және қоғам өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды. Кездесу барысында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке кіру және одан «шығу» процестерін жеңілдету, мемлекеттік қызметке талантты және креативті мамандарды тарту, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметтің сервистілігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Агенттік өкілдері баспасөз турына қатысушыларды мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі жетістіктер, оның ішінде заңнамалық бастамаларды іске асыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыс және Агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыру жоспарларымен бөлісті.
Мемлекеттік қызметке іріктеуді онлайн жүргізуге және онда адами фактордың қатысуын болдырмауға мүмкіндік беретін «Е-қызмет» сыртқы порталының жұмысы көрсетілді. Қатысушылар прокторинг жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және бұзушылықтардың тіркелу процесімен танысты.
Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі үміткерлердің құзыреттерін бағалаудағы тиімді құралдардың бірі - 19 қазанда өтетін ассессмент-орталықтың жұмысы көрсетілді.
Қатысушылар Президенттік жастар кадр резерві кеңсесі, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бойынша Мемлекеттік басқару академиясының қызметі, цифрлық коворкинг залы, ақпаратты 3D-голографиялық дәрістер түрінде ойнатуға мүмкіндік беретін голограмма залы және кітапхана жұмысымен танысты.
Журналистер Агенттік төрағасына мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты бірқатар сұрақтар қойып, пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті.
Дархан Жазықбай мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдері және азаматтық қоғаммен сындарлы диалогының маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды одан әрі белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
ҚР МҚІА Баспасөз қызметі