Қазақстанда атом электр станциясын салу — елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз, бұл станциялар экологиялық жағдайды жақсартады.
Сол үшін де елімізге энергия өндіретін әртүрлі станция керек. Бұл туралы М.Асаубаева креатив орталығында өткен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұжымымен, «N1 округ» БПҰ мүшелерімен кездесуде айтылды.
Жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов атом электр станциясының технологиялық және ғылыми негіздері туралы баяндады.
-Мұндай мәселе көтерілгенде, алдымен «АЭС Қазақстанға қажет пе?» деген сұраққа жауап іздейміз, — деді ол.
– Әрине, ауадай қажет. Әрі біреу емес, бірнешеуі болса. Елімізде электр энергиясын тұтынудан алдағы уақытта тапшылық болуы мүмкін екендігін энергетика саласының мамандары жиі айтып жүр. Бұл жерде токпен жүретін көліктер әлі есепке алынған жоқ. АЭС-тың пайдасы, біріншіден энергия тапшылығын жою, екіншіден Париж меморандумына сәйкес жасыл экономика, таза экология қағидасына Қазақстан елінің сәйкес келуі. Бұл жерде бір килограмм уранның шығаратын энергия қуаты 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайдың шығаратын энергия қуатымен тең екендігін және АЭС жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл қалдығының алдын алатындығын айта кеткен жөн. Үшіншіден, шикізат көзі болып табылатын уран Қазақстанда жылына 20 мың тонна өндіріледі. Әлемдегі уран өндірісі көлемінің 40%-ы және Қазақстан уран қоры мен өндіруден алғашқы орында.
Ал, 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша бірінші орынға ие. Қазақстанда АЭС салу үшін қай мемлекеттен инвестор тартқанымыз дұрыс? Қай мемлекеттің технологиясы тиімді? Ақпарат құралдарына сүйенсек, АЭС саласында жұмыс тәжірибесі бар 13 мемлекеттің арасынан 4 мемлекет бізге АЭС салуға сарапшылардан өтіп тұр екен. Олар – Оңтүстік Корея, Франция, Ресей және Қытай. Франция, Ресей, Қытай – үшеуінің біреуін таңдаған тиімді. Менің азаматтық позициям бойынша Франция мемлекеті дұрыс сияқты. Себебі, біріншіден, Франция «Европаның атомды астанасы» деп аталатыны бәрімізге белгілі.
Екіншіден, отын туралы. 70 жылдан астам тарихы бар Өскемен қаласындағы Үлбі зауытымен француздар өздерінің технологиясымен Қытай нарығына АЭС-ке қажетті отын, яғни, таблеткалар даярлауда. Үлбі зауыты 60 жылдан бері кеңес одағына қарасты АЭС-ке қажетті отынның 80%-ын дайындап отырған. Егер Франция технологиясымен АЭС салынса, оған қажетті отын, яғни таблеткалар өз елімізде өндіріледі және ол таблеткалар АЭС-ке сәйкес келеді. Керекті отын көзін өзге мемлекеттерден іздемейміз.
Өзге мемлекеттің технологиясымен салынса, бізде өндірілетін таблеткалар сәйкес келе ме, келмей ме, бұл үлкен сұрақ. Бізде өндірілетін таблеткалар сәйкес келмесе, онда отын көзін өзге мемлекеттен сатып алуға мәжбүр боламыз. Ал, бұл – қосымша шығын көзі, — деді Б.Кенжеғұлов.
Оның айтуынша, пайдаланылған таблеткаларды утилизация жасау мәселесін де ойланған дұрыс. Егер Үлбі зауытында жасалған таблеткалар болса, пайдалану мерзімі өткен соң оны кері зауытқа тапсырып, сыртын қоршаған қабықты ғана зиянсыздандырып, ал таблетканың өзін қайтадан қуаттап, жаңа қабықпен қоршап, өндіріске кері жөнелтуге болады.
-Басында Қазақстанда АЭС саны бірнешеу болса, кем дегенде төрт АЭС салынса дедік. Олар: Үлкен ауылында 2 реакторлы, Курчатовта 2 реакторлы, Түркістан облысындағы Шәуілдірден 1 реакторлы, Маңғыстаудан 1 реакторлы АЭС. Бұрыннан бізде АЭС бар, Ақтау қаласында дүние жүзіндегі бірінші реактор іске қосылған. Әуелгіде Форт-Шевченко қаласындағы BN-350 реакторы, кейіннен оны Маңғыстау энергия комбинаты деп атады. Үлкен ауылы мен Курчатов қаласындағы АЭС-ті айтпаса да түсінікті. Ал, оңтүстік өңірде электр энергиясын тұтынушылардың ұлғаюына байланысты Шәуілдірде ең болмағанда бір реакторлы АЭС салынғаны жөн. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, Маңғыстауға да бір реакторлы АЭС қажет. Әрине, бір АЭС-тің құны да аз қаражат емес, ол шамамен 11-12 миллиард долларға жуықтайды.
АЭС құрылысы жүргізілген кезде 12 мыңнан астам адам жұмыс жасаса, 7-8 жылдан кейін АЭС құрылысы бітіп, өнімін тұтынатын кезде 2 мыңдай адам, оның 400-і маман инженер болады деп тұжырымдалуда. Қазақстанда АЭС-те жұмыс жасайтын кадрларды Ұлттық ядролық орталық, Ядролық-физика институты, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және осы университетте ашылған Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы, сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дайындауда,-дейді Бекет Кенжеғұлов.
Одан кейін Атырау облысы бойынша «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәспіодақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, «AMANAT» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі Әлібек Семғалиев сөз сөйледі. -Энергетикалық тәуелділік және елдің энергетикалық нарық қауіпсіздігін төмендеуін болдырмау үшін АЭС салу маңызды.Тағы бір ескеретін жайт, атом электр энергиясы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, оның көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы — көмірқышқыл газын шығармайды. Атом электр станциясын салу мәселесін 6 қазанда жұртшылықпен бірлесіп, референдум арқылы жүзеге асыру керек. Референдумның еліміз үшін маңызы зор,-деді Ә.Семғалиев.
Елдің дамуы — қоғам дамуының көрінісі. Бұл мәселені осыдан 1 жыл бұрын мемлекет басшысы елдің экономикасын дамытуда энергетиканың маңызын атап көрсеткен болатын. Бұл жөнінде партия ардагері Баянсұлу Тыныбаева референдум мәні туралы айтты. -Референдум – біздің болашағымызды таңдау мүмкіндігі. Әрқайсымыздың дауысымыз осы маңызды жобаның жүзеге асуына шешуші әсер етеді. Аталған маңызды науқанға қатысуымыз бен қолдауымыз біздің еліміздің даму бағытын айқындайды, — деді ол.
Жиынсоңында АЭС құрылысы экономикадағы тиімділік пен энергия қауіпсіздігі, экологиялық тиімділігі, энергетикада қажеттілік пен тұрақтылғы, халықаралық тәжірибе, ядролық технологиялардың қауіпсіздігі туралы айтылды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор