АЭС-ті пайдалану кезінде 2000 маман керек болады

АЭС-ті пайдалану кезінде 2000 маман керек болады
(0 Votes)

Сонымен, Қазақстанның энергетика саласында маңызды рөл ойнағалы тұрған АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтетіні мәлім болды. Бұл тақырып турасында көптеген пікір мен көзқарастар бар. Ел арасында нағыз осы саланың мамандарының пікірін білгісі келетіндер көп. Осыны ескеріп, Kazinform тілшісі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің жетекші инженері Асуан Сиябековпен сұхбаттасып көрді. 

– Сіздің ойыңызша елде салынатын атом электр станциясының қуаты қандай мөлшерде болуға тиіс? Қазақстандағы электр тасымалдаушы желілер оның қуатын көтере ала ма? – Қазір жоспарланып отырған АЭС-тің қуаты 2400-ден 2800 МВт-қа дейінгі диапазонда болмақ. Менің ойымша, бұл елдің тұрақты және таза энергетиканы дамытудағы қажеттіліктеріне сәйкес келеді. Энергия жүйесінің бұл жүктемеге шыдау қабілеті желілердің жай-күйі мен өткізу қабілетіне байланысты. Инфрақұрылым тиісті деңгейде жаңғыртылса, АЭС құрылысы аяқталғанша Қазақстанның энергия жүйесі осындай қуатты тасымалдауға дайын болады деп топшылаймын. Фото Асуан Сиябеков\ Қазақстадық атом электр станциялары баспасөз қызметінен – Бәріміз білетіндей, Қазақстан АЭС салу ісінде төрт елдің технологиясын қарастыруда. Осыған байланысты түрлі пікір бар. Маман ретінде қай елдің технологиясы бізге тиімдірек болатынын болжай аласыз ба?

– 2019 жылы атом технологиялары бойынша әлемдегі жетекші компаниялардан техникалық-коммерциялық ұсыныстар алу бойынша міндеттелмеген маркетингтік рәсім жүргізілді. Нәтижесінде 5 елдің (Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) 6 белгілі компаниясынан ұсыныстар түсті. Қуаттылығы, құрастырылымы әртүрлі реакторлардың 13 түрлі нұсқасын ұсынды. Осы ұсыныстарды қарадық, зерделедік, 20 өлшем бойынша неғұрлым перспективалы нұсқалар іріктелді. Алдын ала 4 жоба кіретін шорт-парақ жасалды. Қазір де барлық вендорлармен жұмыс жалғасуда. Бұл ретте шорт-парақта көрсетілгендер арасында өзгеріс болуы мүмкін екенін еске салғым келеді. Өйткені қаржы-экономикалық себептерден бастап, басқа да факторлар рөл ойнайды.

– Мейлі, Қазақстан атом электр станциясын салды делік. Алайда келешектегі оның қауіпсіздігіне кім кепілдік береді?

– Атом электр станциясының қауiпсiздiгi мәселесінде негізгі жауапкершілік пайдаланушы операторда болады. Оның үстіне ұлттық және халықаралық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қадағалайтын Қазақстан Республикасының реттеушісі қосымша бақылау жүргізеді. Ал станцияға жеткiзiлетiн жабдықтардың сапасы мен қауiпсiздiгiне технологияларды жеткiзушi (вендор) кепілдік беруге міндетті.

– АЭС бойынша отандық мамандардың тәжірибесі жеткілікті ме? Осы уақытқа дейін олар қайда білім алды, не үйренді? Келешекте кадрлар жетіспеуі мүмкін бе?

– Қазақстанда кәсіби ортада танымал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты табысты жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне шетелдік АЭС үшін отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрастырмалар шығаратын зауыт салынулы тұр.

Бір емес, отандық 4 университет атом саласы үшін мамандар даярлайды. Ол аз десеңіз, «Болашақ» бағдарламасының аясында 2010 жылдан бастап Атом өнеркәсібі, Атом ядросы мен бөлшектер физикасы, Техникалық физика (Атом электр станциялары мен қондырғылары), Ядролық инженерия мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр мен қосымша 1 маман даярланған.

Жалпы, әлемдік практикаға сәйкес, орта есеппен АЭС-ті пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар 2000-ға жуық адам персонал талап етіледі. Бұл үшін атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданатын болады. Оның негізінде қажетті мамандардың саны анықталады. Бұл ретте ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станция қызметкерлері АЭС өнеркәсіптік-өндірістік персоналының шамамен 20 пайызын құрауға тиіс.

– АЭС-ті «экологиялық тұрғыда қауіпсіз» деп жиі айтып жатады. Бұл қаншалықты рас? Шындығында станциядан шығуы мүмкін қалдықтар қалай залалсыздандырылады?

– Шын мәнінде, АЭС жұмысынан соң пайда болатын қалдықтардың жинақталуы – атом энергетикасындағы негізгі проблемалардың бірі. Бірақ бұл мәселенің технологиялық шешімдері де бар. АЭС қалдықтары әртүрлі критерийлер бойынша жіктеледі. Ең маңыздысы, қалдықтардың адамдар мен қоршаған ортаға қауіптілігімен тікелей байланысты радиоактивтілік деңгейі. Осы негiзде қалдықтардың белсендiлiгi жоғары болып бөлiнедi. Оларға пайдаланылған ядролық отын мен оны қайта өңдеу өнiмдерi, сондай-ақ орташа және белсендiлiгi төмен радиоактивтi материалдар жатады.

Қазір пайдаланылған ядролық отынды атом энергетикасы дамыған көптеген елдер қалдық ретінде емес, әлеуетті ресурс ретінде қарастырады. Пайдаланылған отынды қайта өңдеуді және қайта пайдалануды көздейтін тұйық ядролық отын циклінің технологиялары енгізілуде. Бұл технологиялар тез нейтрондардағы реакторлар үшін Уран-238 процесіне қалдықтарды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл технологиялар жеткілікті деңгейде дамыған. Қалдықтарды қайта өңдеп, АЭС-ке пайдаланып жатқандар жетерлік.

Демек, бұның бәрі экологиялық жүктемені азайтады. Соған сай қалдықтар да кемуге тиіс. Екінші жағынан бұл уранды пайдалану тиімділігін арттырады, сол арқылы атом энергетикасының шикізат базасын толтыра аламыз. Осылайша, белсенділігі жоғары қалдықтардың саны едәуір қысқарады. Шындығында ол қалдықтардың көлемі көмір электр станцияларының күл үйінділері мен ауаға тарайтын зиянды қалдықтарынан әлдеқайда аз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT