Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде электр қуатының тапшылығы өткір сезіліп отыр. Алдағы уақытта да жағдай одан бетер ушықпас үшін АЭС қажет. Мұны Президенттің өзі де күні кешегі халыққа Жолдауында қадап айтқан болатын. Осы орайда, Атыраудағы ахуал қалай, мұнда элек энергиясы жеткілікті ме, осы және өзге сауалдарды біз «KEGOC» АҚ Батыс магистралды электр желісі филиалының Батыс өңірлік диспетчерлік орталығының басшысы Арыстан Ысмағұловқа қойған едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Арыстан Томанұлының пікірінше, еліміздің батыс бөлігінде өзге өңірлермен салыстырғанда электр энергиясымен қамту мәселесі жақсы жолға қойылған. Десек те, болашақтағы қуат тапшылығының қазірден алдын алу керек.
– Рас, Атыраудың өзінде жылу электр орталығы, Маңғыстауда атом энергетикалық комбинаты жұмыс жасап тұр. Бір қарағанда, алаңдауға ешқандай негіз жоқ секілді көрінеді. Әйтсе де, Маңғыстауда осыған дейін қандай жағдай орын алғаны бәрімізге белгілі. Ондағы орталықта атом үшін жауап беретін кейбір бөлшектер істен шықты. Салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша электр қуатынсыз қалды. Ал, оның соңы неге апарғанын сіз де білесіз. Міне, алдағы уақытта осындай оқыс жағдайлар орын алмас үшін бізге АЭС керек. Қалай болғанда да, қолда бар мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан атом энергиясына қазір сұраныс көбейіп келеді, - дейді ол.
АМӨЗ демекші, біз бұған дейін мұнда да газтурбиналық электр станциясын салу жоспарланып отырғанын жазған едік. Бұл зауыттың жаңа бөлігін сыртқы электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етіп, жабдықтардың істен шығуын барынша азайтады және алау қондырғыларына газдарды мәжбүрлі түрде жіберу қаупін азайтады. Жобаны іске асыру 2028 жылға жоспарланған. ГТЭС-тің қуаттылығы 154 МВт болмақ.
– Егер АМӨЗ-де газтурбиналық станция салу көзделсе, Маңғыстауда күн мен желден қуат алатын гибридті станция салу жоспарланып отыр. Бұл бағытта көптеген келіссөздер жүргізіліп, түрлі тендерлер өткізілуде. Жан-жақтан инвесторлар іздестіріліп жатыр, - дейді спикер.
Ал, Атырауға электр энергиясы қайдан жеткізіліп жатыр? Жарықты көршілес Ресейден сатып алып жатқанымыз рас па? Арыстан Томанұлының айтуынша, елімізде қазір бірыңғай электр энергиясын сатып алушы мекеме бекітілген. Сол өңірлерге қажетті электр қуатын реттеп, бөліп отырады. Жетпегенін Ресейдің «Интер РАО БЭС» акционерлік қоғамынан алып отырады. Айта кетейік, бұл – штаб-пәтері Ресейдің Мәскеу қаласында орналасқан әртараптандырылған энергетикалық холдинг болып табылады. Оның қызметіне электр және жылу энергиясын өндіру, электрмен жабдықтау, халықаралық энергетикалық сауда, инжиниринг, электр энергетикасы инфрақұрылымын жобалау және дамыту кіреді. Ресейдегі активтерінен басқа, ол одан тыс жерлерде бірнеше энергетикалық компанияларды басқарады. Оның ішінде жылу және су электр станциялары, желі операторлары және энергетикалық трейдерлер де бар. Ол Ресейдегі электр энергиясының экспорты мен импортына монополия жүргізеді.
– Жалпы, былай қарасақ, күн мен жел энергиясы экономикалық жағынан да, экологиялық тұрғыдан да өте тиімді. Бірақ, олардың қуаты елдегі сұранысты қаншалықты өтей алады, мәселе сонда болып тұр ғой. Екіншіден, АЭС салынған соң, ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері де едәуір азаяды. Көмірге деген тәуелділіктен арыламыз. Осының бәрі түптеп келгенде еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып отырған дүние. Осыны қарапайым халыққа түснікті тілде түсіндіре беруіміз керек, - дейді ол.