ӨЗ КӘСІБІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР ҰЛТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ. ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК ҚАДІРЛІ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘРКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ӨЗ МІНДЕТІН САПАЛЫ АТҚАРУҒА ТИІС. СОНДА ҒАНА ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫНА ТҮСЕДІ» ДЕГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҮСТІМІЗДЕГІ 2025 ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ.
Ақкөлдегі жүзден аса қызметкер еңбек ететін ірі мекеменің бірі – Ақкөл желілік өндірістік басқармасы. Өткен ғасырдың аяғына таман құрылған кәсіпорын көгілдір отын тасымалымен айналысып, халықаралық газ транзитін жүзеге асырады. Сонымен бірге, оның автоматтандырылған газ тарату станциялары еліміздегі елді мекендерге, өнеркәсіптік кәсіпорындарға және басқа тұтынушыларға белгілі бір қысыммен көгілдір отын жеткізеді. Газдандыру бойынша жүзеге асырылған жобалар миллиондаған қазақстандықтарға өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беріп, үй-жайларына жылумен жайлылық әкелді. Магистральдық газ құбырының үздіксіз жұмыс жасауы мамандардың жіті бақылауында.
Газ тасымал жүйесін сенімді және қауіпсіз жұмыспен қамтамасыз ететіндердің бірі – газ бақылау операторы Марат Ғилажұлы Мирасов. Ол сонау 2001 жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етеді. Оған дейін әскер қатарынан оралған соң бұрынғы Теңіз автотранспорт кәсіпорнына көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірді. Еңбектен қол үзбей жүріп Астраханның автомобиль жолдары техникумын тәмамдап, механик мамандығын игеріп шығып, кәсіпорын тарағанға дейін кіші басшылық қызметтерді атқарды. Нарықтық қатынасқа көшкен ілкідегі жылдарда қарап жатпады, жанұя асырау үшін қай жұмыстан да қаймықпады. Балық та аулады, құрылыс та салды, әйтеуір жұрттан қалмай тырбанып тірлік етті.
Ғасырдың басында жоғарыда аталған кәсіпорын жұмысқа қабылдап жатыр дегенді естіп, түйіндемесін жіберіп еді өтіп шықты. Содан бері, міне осында жауапкершілігі жоғары операторлық қызметті мүлтіксіз атқарып келеді. Мамандықтың жаманы жоқ, қай кәсіпті таңдасаңыз да, оны адалынан атқарып, елге пайдаңды тигізу басты мақсат болуға тиіс. Адам еңбектен ғана бақ табады деп жатады, бұл шын мәнін деде солай. Мұны кейіпкеріміздің өмір жолдарынан айқын көреміз.
Ораз КАМАЛОВ,
Ақкөл ауылы