АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙ ӘКЕЛЕДІ

АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙ ӘКЕЛЕДІ
(0 Votes)

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА КӘСІБИ МАМАННЫҢ ҚАДІРІН БІЛУ КЕРЕК ЕКЕНІН, ЕҢБЕКҚОР АДАМ МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТАТЫНЫН АЙТА КЕЛЕ, АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ АБЫРОЙ ӘКЕЛЕТІНІН КЕЙІНГІ БУЫН ЖАСТАР ЖЕТЕ ТҮСІНЕТІНДЕЙ ДЕҢГЕЙДЕ НАСИХАТТАУ КЕРЕКТІГІН СӨЗ ЕТКЕН ЕДІ. РАСЫНДА ДА АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙ ӘКЕЛЕДІ. ОСЫ РЕТТЕ АҒА БУЫН РЕТІНДЕ ӨЗ ЕСТЕЛІГІММЕН БӨЛІСУДІ ЖӨН КӨРДІМ.

Мен Индер борат руднигінің авто - транспор цехында 30 жылдан астам үздіксіз еңбек еттім. Сол жылдары кеніштің тынысы кеңейіп, жаңа кен орындары ашылып, талай адам еңбек етті. Өндірілген өнім Ресейге жіберілді. Одақ көлемінде рудниктің аты әлемге мәшһүр болып, ауданымызда жаңа үйлер, кәсіпорындар бой көтерді. Кен орнының жетістікке жетуіне авто - транспорт цехы да өз үлесін қосты. Себебі, біздің цех машинамен, техникамен қамтамасыз етіп тұратын.

Сонымен қатар аудан орталығының бүкіл коммуналдық жүйесін және басқа да шаруашылықтарды техникамен қамтамасыз етті. Цехта 150 адам еңбек етті, 120 техника болды. Ұжым жақсы еңбек етіп, талай марапаттарға ие болды. Шынында техникасыз еңбек өнбейді ғой. Тауда жұмысшылар үш ауысымда жұмыс жасады. Күн сайын жұмысшылар 7:30-да кеніш бағытын бетке алады. Оларды тасуға ертемен 10-12 автобус жолға шығатын. Сонымен қатар алып техник а «КрАЗ» боратты таудан баржаға та - сиды, ары қарай өзенмен Орал, Гурьев қалаларына жіберілетін. Осының бәрінде біздің жүргізушілер аянбай еңбек етті, уақытпен есептеспеді. Оған өзім куәмін. Себебі, мен күн сайын сағат 8:00 рудник басшыларына аға диспетчер ретінде қанша тонна борат тасылды, қанша жүк жөнелтілді, қандай жұмыстар істелді деген бағытта ақпарат беріп отырдым.

Үлкен шетелдің автобустарын жүргізген үлгілі жүргізушілері аз болмады. Айталық, Кекілбай Нұртілесов, Сапығали Жакишев, Қартемен Сапиев, Темірғалиев Нұрмағанбет, Алдыков Нығымет, Рахманов Бақсыйық, Амантай Кенжеғалиев және т.б.ортақ іске аянбай тер төкті.

Сонымен бірге тауға су жеткізген Қабижан Баделов, Әнес Акмалиев, Ихсан Кушмағанбетов, Мұрат Құспанов, Сағынбай Қазиев және т.б. ағалардың есімін бүгінде құрметпен еске аламын. Олар өз жұмыстарын адал атқарған жандар. Біздің цех жаңбырға, суыққа, ыстыққа қарамай аудан шаруашылығын көтеруге зор ықпалын тигізді. Құрылыс, су, орталық жылу жүйесіне қатысты мекемелерді арнаулы техникамен қамтамасыз етіп отырды. Бұл ретте автотранспорт бастығы Жолшы Аташев, бас инженер Рахмет Бердіғалиев, колонна бастығы Рахметолла Қадыров, дизель машиналар колоннасының бастығы Олжабай Ешманов, механиктер – Мұрат Ермекқалиев пен Григорий Гламазенконың еңбектері өлшеусіз. Осы ағалардан тәжірибе жинап, ақылдарын тыңдап өстік.

Иә, адал еңбек ешқашан ұмытылмайды. Жастар осыны жете түсінсе деймін.

Орынбасар АХМУРЗИН,

зейнеткер

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT