Абай облысында эвакуацияланған тұрғындардың үйлерін полицейлер күзетуде –ІІМ

(0 Votes)

Абай облысындағы алапат орман өрті қаупінен эвакуацияланған ауыл тұрғындарының үйлері мен жеке мүлкі полицейлердің қарауында. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай облысындағы жағдай әлі де күрделі. Тәуекел аймақтарында төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге полицейлер және Ұлттық ұланның қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Өрт аумағынан көшірілген елді мекен тұрғындарының үйлерін, жеке мүлкі мен шаруашылық қожалықтарын тәртіп сақшылары күзетуде», - деді Ақтоты Боранов Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, бүгінде Абай облысының Бородулиха ауданына қосымша күштер жіберілді.

«Тәртіп сақшылары көліктер қозғалысын ұйымдастыру және реттеу, сондай-ақ төтенше жағдай режимі талаптарын сақтауды қамтамасыз етуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін Абай облысындағы өртке байланысты қанша және қандай ауыл тұрғындарының эвакуацияланғаны туралы хабарлаған едік.

Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Үш ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

10 маусым күні түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.

Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.

Бүгін Абай облысының полициясы тракторымен өрт сөндіруге кеткен тағы бір адамның іздестіріліп жатқанын хабарлады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT