Атырау қалалық кітапханасында жазушы-журналист Айболсын Елеусіновтың «Ғұмыр дастан» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға автордың жұбайы, ұрпақтары мен замандастары, кітапхана қызметкерлері қатысты. 100 данамен басылып шыққан кітаптың 10-ы Атырау қалалық кітапханаға сыйға берілді.
«Ғұмыр дастан» кітабында Айболсын Елеусіновтың көзі тірі кезінде жазған күнделіктері, жазбалары мен шағын материалдары жинақталған. Қаламгердің жұбайы Роза Қарақызының сөзінше, әлі күнге автордың іздеушісі, оқырманы бар.
"Артында қалған жинақтары, шығармалары бар екен. Соны ұрпаққа естелік болып қалсыншы, әр жерде шашылып, отқа жанып кетпесінші деп кітап етіп басып шығаруды ұйғардық. Бүкіл материялдарын жинақтап, Гүлзада сіңлімізге, Арман інімізге айтып қарап едік. Бұлар қош көріп, осы бір «Ғұмыр дастан» деген кітапты дүниеге әкелді. Бүгін тұсаукесерге жолдас-жоралары, қаламдас інілері, достары, өзі сүйетін бала-шағасы қатысып осы кітаптың тұсауын кесіп отыр”, - дейді қаламгердің жұбайы Роза Қарақызы.
Жуырда кітаптың электронды нұсқасы Kazneb.kz сайтында жарияланады.