1200 гектар жер мемлекетке қайтарылды

https://mnews.kz/
(0 Votes)

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы ауданымыздың жер қоры 914 984,86 гектарды құрайды. 2022 жылдың жер балансы есебі бойынша ауыл шаруашылығы жерлері – 47458,4 га. Алқап түрлері: жайылым – 47 451,4 га, көп жылдық екпелер – 7 га, босалқы жер – 804609,579 га, жайылым – 589638,53 га, тыңайтылған – 10 га.

Бұл ретте жайылым­ның тарлығы, шабындық­тың жоқтығы – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сондықтан, жайылым мәселесі ретке келтірілсе, аудан тұрғындарының көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелері оңынан шешілер еді.

«Былтыр ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мақсатына сай игерілмей отырған 2 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның жалпы көлемі 1200 гектар. Алдағы уақытта бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғаса бермек. Жер телімдерін алудың заңдылығы да тексерістен өткізіледі», - дейді аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Төкешов.

Иә, алдағы уақытта осындай белсенді жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жерлер жұрттың кәдесіне жарап, ауыл шаруашылық бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілсе, ел игілігі артып, ырысы көбейері анық.

 «Бүгінгі күні аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер теліміне кезекте 927 азамат тұр. Кезектілік негізінен Мақат кенті, Доссор кенті, Бәйгетөбе ауылдық округтеріне қатысты. Осы мәселені шешу мақсатында Доссор кентінен 565 жер телімі, Бәйгетөбе ауылдық округінен 95 жер телімі дайындалуда»,- дейді аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Төкешов.

Жер - біздің негізгі байлығымыз, оны бүкіл халықтың мүддесі үшін пайдалану - баршаның қасиетті міндеті. Сондықтан жерімізді барынша тиімді және ұтымды пайдаланатын болсақ, тиісінше оның қайтарымы да мол болары сөзсіз.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT