Оған 35 жасқа дейінгі үш жылдық еңбек өтілі бар кез-келген маман қатысады. Өтініштер «onir.pkrezerv.gov.kz» сайтында қабылданады. Бұл туралы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтің қатысуымен өткен баспасөз брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірлік резервке қабылданған мамандарға мемлекеттік басқару академиясын аяқтаған соң, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар.
- Іріктеу 6 бағытта жүзеге асырылады. Олар: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары мен цифрландыру бағыттары. Сонымен қатар өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды, - деді Н.Жеңісбекұлы.
Бұдан бөлек департамент басшысы Е.Ермаханбетов Өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс екендігін атап өтті.
- Бірінші кезең бойынша резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 және 31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Екінші кезең – заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу. Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы филиалының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді. Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Мемлекеттік басқару академиясы (Астана қаласы) базасында офлайн форматта өтеді. Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Бесінші кезең бойынша комиссияның отырысынде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады, - деді агенттік басшысы.
Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында жарияланады. Сондай-ақ кандидаттар іріктеуден өту тілін, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады. Ал өңірлік резервте оқу мерзімі - 2 жыл.