«Ауыл» партиясынан түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидат Асқар Болатбек, Әлия Аяпбергенова, Абзал Жиенбаев, Байқоңыр Сейдалин, Гүлназ Омарова, Балтабек Жоламанұлы Ұлытау облысында зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кандидаттардың зиялы қауым өкілдерімен және ауылдық мәдениет үйлерінің қызметкерлерімен кездесуі «Ұлытау – ұлт ұйытқысы» тақырыбында өтті. Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қатысушылармен ауылдағы мәдениет саласына қажет қолдау туралы сөз қозғады.
«Біздің сайлауалды бағдарламамызда ауылдық аумақтарды жақсартуға қажет барлық аспекті ескерілген. Қазіргі таңда ауыл мен қала арасында бірден көзге ұратын әлеуметтік теңсіздік бар. Ол экономиканың нақты секторына және ауылдың демографиялық әлеуетіне зиян келтіретін қайтымсыз урбанизация үдерісін бастады. Ауыл тұрғыны, әсіресе әйелдер мен жастар үшін қалаға бару «барса келмеске» айналды. Сондықтан «Ауыл» партиясы ауыл мен қала арасындағы қызмет сапасының айырмашылығын айтарлықтай қысқартуды көздейді. Қала тұрғынына берілген барлық жағдай мен жайлылық ауыл тұрғынында да болуға тиіс», деді Абзал Жиенбаев.
Бұдан кейін кандидаттар Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінің дөңгелек үстеліне қатысты. Жиналыста кандидаттар «Ауыл» партиясы Парламент Мәжілісінде «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» жаңа заңды қабылдауға бастамашы болуға дайын екенін атап өтті.
«Бұл заң ауыл халқын сапалы және тұрақты әлеуметтік қамтамасыз етуге, ауыл инфрақұрылымын тұрақты бюджеттік қаржыландыруға, аграршылар мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер береді», деді кандидаттар.
Сондай-ақ «Ауыл» партиясының делегациясы Сәтбаев қаласында болып, «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінің ұжымымен кездесті. Кешен қызметкерлері партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, өздерін қызықтыр¬ған сұрақтарын қойды. Кандидаттар айтылған мәселелерді, ұсыныстарды назарда ұстап, құзырлы органдармен бірге проблеманы шешудің жолын қарастыруға уәде берді.