Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Ольга Березуцкая Қостанайдағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің ұжымымен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
«Халық партиясы жалдамалы жұмысшылардың, қызметкерлердің әлеуметтік құқығын қорғау жолында еңбек етіп келеді. Біз қуатты орта таптың қалыптасуын қолдай отырып, табиғи шикізатты – мұнай-газ, мұнай-химия, тау-кен металлургия¬сын өндіру және өңдеу саласы еңбеккерлерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Біз осы күнге дейін Мәжіліс мінберінен металлургтер мен кеншілердің өзекті мәселелерін көтердік», деді Ольга Березуцкая.
Партия ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыс¬тарда істейтін қызметкерлерді 50-55 жастан зейнетке шығаруды талап етеді. Сондай-ақ ол елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болу керек дегенді алға тартты. Халық партиясы социализмді жақтайды. Әрбір тұрғын лайықты өмір сүру үшін тегін медицина мен білімге қол жеткізуі қажет. Партия ең төменгі жалақы мөлшерін 140 мың теңгеге дейін көтеру қажет деп отыр. Жалпы, әрбір отбасының құрамын ескере отырып, азық-түлікке, денсаулық сақтауға, коммуналдық қызметке, білімге, автожолдарға нақты шығындар мөлшерінде салық салынбайтын және алым алынбайтын ең төменгі күнкөріс деңгейін енгізу керек. Халық партиясы жынысына, нәсіліне, этносына және дініне қарамай, Қазақстанның барлық азаматтарының құқықтары мен мүмкіндіктері тең болуға тиіс деп санайды.
Ал Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Александр Милютин Абай облысындағы «Бүркітова» ЖШС ұжымымен кездесті. Ол ұжымға Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныс¬тырды. Оның айтуынша, ел байлығының дені олигархтардың қолында. Монополиялар ресурс¬тарды рәсуалап, өмірдің барлық саласындағы сыбайлас жемқорлық миллиондаған қарапайым адамның болашағына балта шапқаны рас. «Халық партиясы халық капитализмін қолдайды. Бұл қуатты орта таптың қалыптасуы және әлеуметтік мемлекет құру деген сөз», деді кандидат.