Штаб жұмысы қызу

(0 Votes)

«Amanat» партиясының 226 өңірлік және аумақтық сайлауалды штабының жұмысына 7,5 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Үгіт-насихат науқаны кезеңінде 1 миллионнан астам адамның қатысуымен 30 мың іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр.

Науқанның алғашқы күндерінің өзінде еліміздің барлық өңірінде 300 мың сайлаушыны қамтыған 3 мыңнан астам іс-шара өткен. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдерімен болған кездесуде айтты. Ол журналистерді сайлауалды штабтың жұмысымен таныстырды. Атап айтсақ, кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру орталықтарының, қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, коворкинг алаңының, сондай-ақ штабтағы жастар секторының атқарып жатқан жұмыстарын көрсетті.

– Партияның сайлауалды штабы «open space» қағидаты бойынша ұйымдастырылған және аптаның барлық күнінде тәулік бойы жұмыс істейді. Штаб – бұл көпфункциялы сайлау науқанын басқару орталығы. Әр бөлім бірлесіп және жедел түрде белгілі бір шешімдер қабылдайды. Мұнда кандидаттар мен сенімді өкілдердің қатысуымен түрлі іс-шара, арнайы оқытулар өткізіледі. Дәл осындай фронт-кеңселер барлық аймақта бар, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Айта кетейік, штаб құрамына партияның 486 белсенді жақтасы кірді. Сайлаушылармен кездесу кестесі дайындалды. Сондай-ақ бұл жұмысқа үміткерлердің 27 мыңнан астам сенімді өкілі де тартылған.

Өңірлер демекші, партияның үгіт насихат тобы елордадағы Ақмола вагон жөндеу зауытының ұжымымен кездесті. Мұнда аманаттықтар ірі бизнес нысандарын қолдау шараларын талқылады. Мәселен, Мәжіліс депутаттығына үміткер Дәулет Тұрлыханов зауыт жұмысшыларымен жүздесу кезінде бизнеске қолайлы орта қалыптастыру мәселесін көтерді. «Біз жеке бастама мен нарықтық экономика күшіне нық сенеміз. Алдағы уақытта отандастарымыз «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарлардың жоғары сапасымен мақтанатын болады», деді Дәулет Тұрлыханов.

Зауытта 400-ге жуық адам еңбек етеді. Олар жылына 3 мыңға тарта вагон жөндейді. Алдағы жоспар – инновациялық технологияны қолдана отырып, сапалы қызмет көрсету.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT