Өрге жетелейтін өзгерістер

(0 Votes)

«Respublica» партиясы атынан сайлауға түсетін кандидаттар небәрі 4 күннің ішінде 10 мың қазақстандықпен кездесті. Бүгінде еліміз бойынша 20 облыстық штаб жұмысын жалғастырып жатыр. 

Жақында «Respublica» партиясының төрағалары мен кандидаттары Тараз қаласына барды. Мұнда жергілікті кәсіпкерлер, түрлі саладағы компаниялардың еңбек ұжымдарымен кездесулер өтті. Көпшіліктің алдында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төраға Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар – Қуаныш Шонбай, Қырмызы Жандосова, Екатерина Смолякова, Әсел Дәкен, Олжас Болатбекұлы және Бақытбек Хамит сөз сөйледі. Олар партия бағдарламасымен таныстырып, «Елде нені өзгерту қажет?» деген сауалды талқылады.

«Рас, біздің саясатта тәжірибеміз жоқ. Бірақ уәде беріп, кейін оны орындамай қалудан тәжірибеміз жоқ. Сіздерге беретін жалғыз уәдеміз мынау: Сіз «Respublica» партиясынан тек шындықты естисіз, кейде бұл шындық ащы болуы мүмкін», деді А.Қожаназаров.

Екатерина Смолякова адамдарға өзгерістерге үміт сыйлайтын жаңа партия құрғаны үшін әріптестеріне алғыс айтты. «Мен – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Жастармен жұмыс істеуде 10 жылдан астам тәжірибем бар. Екі баланың анасымын. Балаларымның болашағын өзіме үлгі болатын адамдарға сенімді түрде тапсырғым келеді, сол үшін де осы партияның қатарына қосылып, өзгерістерге атсалыспақпын», деді Е.Смолякова.

Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау Қазақстанда ауқымды реформалар жүргізілу керектігін айтты. Ең алдымен, қарызға белшесінен батқан ел азаматтарының жағдайын жақсартуға баса назар аудару керек. Ол ел тұрғындарының, тіпті азық-түлік алу үшін де несие алатынына қынжылды.

Ал Алматы облысының Кербұлақ ауданында өткен кездесуде партияның тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова: «Қазіргі сайлау кезеңі еліміз үшін ерекше, өйткені көп жылдардан бері алғаш рет жаңа партиялар тіркеліп, саяси науқанға белсенді түрде қатысып жатыр. Біз – «Respublica» партиясы, бизнес өкілдері, саяси аренаға жаңадан қадам басқанымызға қарамастан елді қалай өзгерту керектігін білеміз. Біз шын жүректен азат және гүлденген Қазақстанда өмір сүргіміз келеді», деді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT