Кәсіпкерлер құқығы қорғалады

(0 Votes)

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының республикалық штаб мүшелері Алматы облысына барды. Үгіт-насихат тобы «Rollton» және «Bigbon» брендтерімен өнім шығаратын Қонаев қаласындағы «Маревен Фуд» компаниясының еңбек ұжымымен кездесті. 

Мұнда жылына 40 мың тоннадан асатын 65 түрлі өнім шығарылады. Кәсіпорында 850 қызметкер жұмыс істейді, өндірген өнімдері оннан астам алыс және жақын шетелге экспортталып отыр.

– «Ақ жол» партиясы – кәсіпкерлер мен отандық тауар өндірушілердің өкілі. Біз бизнестің мүдделерін қорғау және ілгерілету үшін көп жұмыс атқарып келеміз. Бұған дейін сіздердің компанияларыңыз «Ақ жол» партиясына кірістер органдарының экспортталатын өнімге қосымша құн салығын қайтарудан бас тарту мәселесімен жүгінген еді. Біз Бас прокурор мен Жоғарғы сотқа дейін жеттік, кәсіпорын талабының дұрыстығы дәлелденді. Партия алдағы уақытта да компанияның дамуын қадағалап, қажет болған жағдайда мұндай маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға көмектеседі. Оның үстіне, мәселе азық-түлік тауарлары бағасының инфляциясы соңғы жылдары қатты байқалған тамақ өнеркәсібі туралы болып отыр, – деді Азат Перуашев.

Кездесу барысында «Ақ жол» лидері партияның саяси бағдарламасының басым бағыттарын атап өтті. Ол адал бәсекелестік, әлеуметтік саясат, сыбайлас жемқорлықпен күрес, былтырғы конституциялық реформа және шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Кездесу емін-еркін пікір алмасуға ұласып, компания қызметкерлері несиенің қолжетімділігі, тұрғын үй бағасы, балалар жәрдемақысы туралы сұрақтар қойды. Бағаны ұстап тұру мәселесіне қатысты «Ақ жол» төрағасы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеріп, несиені қымбаттату саясатын сынға алды.

– Бұл жерде екі маңызды жайт бар: біріншісі – нарықты отандық тауарлармен толтыру. Екіншісі – ақшаның құны. Өйткені нарықтағы жағдай тауар мен ақша массасының арақатынасы¬мен анықталады. Ақша көп, ал тауар аз болған жағдайда, сәйкесінше тауар қымбаттайды. Ал ақша аз, тауар көп болғанда, керісінше, кері үдеріс жүреді. Бізде мынадай жағдай: бүгінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру, яғни ақша массасын азайту арқылы бағаның өсуін тежеуге тырысып отыр, – деді А.Перуашев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT