Бір мандатты округтер бойынша депутаттар қалай сайланады?

(0 Votes)

Қазақстан бір мандатты сайлау округтеріне бөлінген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Екінші бюллетеньде дауыс беруші тұратын округ бойынша мәжіліске сайлауға түсіп жатқан депутаттардың аты-жөні жазылады. Кейбір облыстарда өңір сайлау округі болып табылады. Мысалы, бұл Абай, Атырау, Ақмола және басқа да бірқатар облысқа қатысты. Ал Алматы облысы, Астана мен Шымкент қалаларында екі сайлау округі, Алматы қаласында үш сайлау округі бар. Бір мандаттылар арасында өз округінде ең көп дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болады. Дауыстар тең болса, қайта сайлау тағайындалады. Мәслихат депутаттарына дауыс беру де дәл осылай, яғни партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша өтеді. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енгізілгелі отыр және сайлаушылар бір емес, бірнеше бюллетень бойынша дауыс береді. Атырауда сайлаушыларға 5 бюллетень ұсынылады. Олардың түсі әртүрлі болады: көгілдір – мәжілістегі партияға дауыс беру үшін; жасыл – мәжілістегі бір мандатты депутатқа дауыс беру үшін; күлгін – партиялық тізімдер бойынша облыс немесе қала мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін; қызғылт сары – бір мандатты округтер бойынша қала немесе облыс мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін; бесінші сұр түсті бюллетень қала немесе аудан мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін беріледі. Дауыс беру бюллетеньдерінің өлшемі әдеттегі А4 форматынан А5 форматына өзгереді, яғни екі есе кіші болады. Орталық сайлау комиссиясындағылардың айтуынша, бұған сайлау жәшіктерінің көлемі өзгеріссіз қалуы, ал бюллетень бумалары бірнеше есе ұлғаятыны себеп.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың тең жартысы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайланбақ. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толықтай мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Яғни, саяси партиялар емес, халық арасынан шыққан нақты адамдар дауысқа түсетін әдіс бойынша таңдау жасалады. Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50%-ы, яғни, 15-і мажоритарлық жүйе бойынша, қалған 15-і партиялық тізім бойынша сайланады. Ал, қалалық мәслихаттың 25 депутаты, аудандық мәслихаттардың 85 депутаты толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда облыста 9 мәслихаттың 140 депутаты сайлануы тиіс.

Сайлауда бір кандидат Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттығына да бағын сынай алады. Бұл туралы толығырақ Орталық с айлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов айтты. Сонымен, сайлауда бір үміткер Мәжіліс және мәслихат депутаттығына қатар бағын сынай ала ма?

«Бір үміткер екі мандат бойынша да сынға түсе алады. Егер Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде түсіп жатса, сонымен қоса мәслихат депутаттығына да қатар бағын сынай алады. Бірақ, кандидат екі түрлі емес, бір ғана округтен түсуі тиіс. Бұл мәселе заңда көзделген», - деді Шавкат Өтемісов.

Атап өткен жөн, жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болды. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98 депутат жұмыс жасайды және олардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Төменгі палата депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. 19 наурыз күні өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауы аралас жүйе бойынша өтпек. Яғни, 7 0 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланбақ.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарды аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты сайлауды өткізудің жүйесіне енгізілген өзгерістердің бірі – мандатты кері қайтарып алу институты. Бұл туралы түсіндірген Әділет вице-министрі Алма Мұқанова: «Императивті мандат дегеніміз – егер бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмаса, мұндай депутатты қайтарып алу мүмкіндігі. Шын мәнінде, бұл – сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және олар мәлімдеген сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға ынталандыру» деді.

Айта кетейік, Заңға сәйкесінше, 18 наурыз – тыныштық күні. Сайлау күні – 19 наурыз. Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жүргізіледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT