Барлық сайлау учаскесінде дауыс беру барысына бейнемониторинг енгізіле ме

(0 Votes)

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжілістің таратылған 8-шақырылым депутаттарының барлық сайлау учаскесінде дауыс беру барысына бейнемониторингпен қамтуға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 8-бабына сәйкес Республика Президентiн, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi. Сайлау учаскелерінде онлайн-трансляция функциясымен жабдықталған бейнебақылау камераларын орнату мәселесін Конституциялық заңда белгіленген дауыс беру құпиясы қағидатын сақтау тұрғысынан қарау қажет. Бейнебақылау камераларын адамдарды автоматты түрде тану жүйесімен жабдықтау бөлігінде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға сәйкес биометриялық деректер – дербес деректер субъектісінің физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын дербес деректер, олардың негізінде осы субъектінің жеке басын анықтауға болатын ескеру қажет. Жоғарыда аталған Заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған кезде дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде таратуға жол берілетіні регламенттеледі», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Сондай-ақ Премьер-Министр техникалық мүмкіндіктер, бүкіл ел бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендерде интернеттің сапасы мен қамтылуы жеткіліксіз екенін, сондай-ақ оларды сыртқы әсерлерден қорғау мақсатында байланыс беру арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін атап өтеді.

«Бұдан басқа, сайлау өткізу процесі тұрақты сипатта емес, ауық-ауық өткізіледі. Осыған байланысты бейнежабдықтарды сатып алудың экономикалық тиімсіздігі мен орынсыздығын атап өтеміз. Өйткені барлық сайлау учаскелерін бейнекамералармен жарақтандыру республикалық бюджеттен қомақты бюджет қаражатын бөлуді талап етеді. Бухгалтерлік есеп талаптарына сәйкес бейнекамералар негізгі құралдарға жатады. Тиісінше, оларды ұйымдардың балансында есепке алу және кейіннен сақтау қажет. Әрбір сайлау кезеңінде оларды орнату және қайта жинақтау да шығындарды қажет етеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайлау учаскелері көбіне бейнебақылаумен жарақтандырылған білім беру мекемелерінде орналастырылады.

«Сонымен қатар Конституциялық заңының 20-1-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға құқылы. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, қолданыстағы заңнама дауыс беру барысын бейнетіркеу мүмкіндігін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етеді деп санаймыз», - деді Әлихан Смайылов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521