«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Жамбыл облысының сайлаушыларымен кездесті. Штаб мүшелері алдымен Қаратау қаласының жұртшылығымен жүздесіп, оған 200-ден астам адам қатысты.
Мұндағы тұрғындарды жұмыссыздық, тозы¬ғы жеткен коммуналдық инфрақұрылым, тұр¬ғын үй қымбатшылығы және медицина қызмет¬керлерінің тапшылығы мәселелері толғандырады. Партия төрағасы Ерлан Қошанов партия ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие беру, лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, кооперативтер құру ісіне атсалысатынын атап өтті. Бұл бастама «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынады.
Е.Қошанов партияның басты міндетінің бірі – Үкімет назарын тек ірі қалалар мен Астанаға ғана емес, өңірлерге аудару екенін айтты. «Көпшілік қазақстандықтар үшін тұрғын үй сатып алу мәселесі қиындай түсті. Жоғары пайыздық мөлшерлеме мен инфляция айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Біздің күш-жігеріміз қала мен ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталады. Яғни отандастарымыз тұрғын үймен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге тиіс», деді партия төрағасы.
Алдағы 5 жылда Жамбыл облысында 9 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Ал жалпы ел аумағында «Amanat» партиясы 730 мыңнан астам отбасы үшін қолжетімді бағадағы 78 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу жоспарын іске асыруға кепілдік береді. Бұған қосымша, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің 30 мыңға жуық иесі жаңа пәтерге көшуге мүмкіндік алады. Ал жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін 2027 жылдың соңына дейін «Amanat» партиясы Жамбыл облысында кемінде 84 мың жұмыс орнын құруға ықпал етеді.
Ал партияның республикалық сайлауалды штабының мүшелері Айдос Сарым мен Алмас Алматов Қызылорда облысындағы үгіт жұмысы аясында Жалағаш ауданына қарасты Таң және Аққұм ауылдық округтеріндегі сайлаушылармен кездесті. Мұнда кандидаттар «Таң ЛТД» ЖШС еңбек ұжымымен жүздесіп, диқандарға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. «Біз көктемгі егіс жұмыстарына фермерлер үшін жеңілдікпен жанар-жағармай бөлудің ашық әрі әділ тетігін енгіземіз», деді Айдос Сарым.