Сана тазармай, аула тазармайды

(0 Votes)

Көктемгі тазалық айлығы да аяқталды. Туған ауылымыздың игілігіне жасалып отырған бұл іске бірқатар мекемелер мен ұжымды атсалысты деуге болады. Тазалық жұмыстары нәтижесінде аудан орталығы, Доссор мен Бәйгетөбенің санитарлық тазалығы жақсара түсті.

i

i

«Тазалық табалдырықтан» демекші, екі айға созылған тазалық, көркейту, көгалдандыру жұмыстары кент орталығында әлі де жалғасын тауып келеді. Көшеге сән де, әр де беретін ағаш көшеттері отырғызылып, күтімге алынған. Сенбіліктердің аясында мектеп бітірушілер аллеясы ашылып, жұртшылық демалатын орындар қоқыстан тазартылды.

Көшелері самаладай жарқырап тұрғаны - әр тұрғынының мерейі. Жалпы тазалық айлығы кезінде аудандағы мекеме, ұжым қызметкерлерінің қатысуымен 6 рет сенбілік өтті. Мекеме қызметкерлері белгіленген сенбі сайын тазалық жұмысына Қоршаулар сырланды, мекемелердің қас беттері ақталды. Мұның бәрі тұрғындардың, мекеме қызметкерлерінің тазалық жұмысына бей-жай қарамайтынын, туған өлкенің гүлденуіне атсалысуға әзір екенін дәлелдейді.

Айлық кезінде тазалық және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуші «Б.Кабулов»ЖК арқылы 4896 тонна қоқыс шығарылды. Аудандық ветеринария бөлімінен алынған мәліметтерге сәйкес бүгінгі күні аудан бойынша 397 ит, 10 мысық ауланған.

Мақат кентінде 4 рет сенбілік өткізіліп,оған 2187 адам қатысқан. Сенбілікте әрбір ұжым сектор бойынша белгіленген аймақтарын толықтай тазалап, бордерлерді әктеу, сырлау, сыпырып тазалау жұмыстарын жүргізді. Көктемгі тазалық айлығында «Мақат желілік өндірістік басқармасы», «Мақат энергожөндеу басқармасы», «Казақтелеком», аудандық балалар спорт мектебі, аудандық аурухана ұжымдары әр сенбілікте толықтай қатысып, белсенділік танытты.

27 сәуірде кент көлемінде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы кезінде барлығы 1855 тал отырғызылды. Десек те, еленбей, ескерілмей қалған тұстарымыз да жоқ емес. Сөзімізге дәлел көше бойындағы көрініс. Әлі де саны тапшы контейнер айналасын ала шашылған қоқыстар қай ауылдың да кез келген аймағынан табылады. Бұған қоса, тек көше бойын ғана емес, ғимараттардың алдын жаулап алған арамшөптер көзге оғаш көрінеді.

Мақат кентінің өзінде саусақпен санап аларлық бірнеше дүкендер болмаса, көбінің сыртының тозығы жетіп, жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Алайда, бұл сол сауда орындарының қожайындарын алаңдатар емес. Сауда-саттықтың қызығына кіріп кеткен кәсіпкерлер абаттандыру мәселесін мүлде ұмытқандай. Бір сөзбен айтқанда, ауданның орталық бөлігінің ұсқынын сұрқай тартқан ғимараттар алып тұр.

Әсіресе, «жаза –жаза жауыр болған» жартылай қоршаулы ескі орталық жылыту орталығының орны әбден қараусыз қалды. Сол сияқты, «Балбөбек» балабақшасының арт жағы қоқыстан тазартылмағалы біраз болды. Бұл жер балалар бақшасы емес, қоқыс төгетін орынға айналғанға ұқсайды. Тау болып үйілген қоқыстан бастап, ішімдіктің шыны бөтелкелері, темекінің қораптары жаулап алған бұл алаңда балдырғандар ойнайды деген ойдың өзі адамды түршіктіреді. Осы жағдайды көргенде бұл жерді бақылайтын адамның жоқ болғаны ма деген ой еріксіз санаңда белең алады.

М.Баймұханов атындағы көше бойында орналасқан үйлердің арасында «мен мұндалаған» өртенген үйдің үйіндісі әбден «қартайып»,тіпті үстіне шөп шыға бастады. Бұл үйінді айналадағы үйлерге қауіп екендігі айтпаса да, түсінікті. Қарапайым адам қолының күшімен тазартылар түрі көрінбейді. Оған арнайы техника қажет. Міне, осылай жалғаса берер жағымсыз көріністерден көз сүрінеді.

Тазалық – күн тәртібінен түспейтін басты тақырып болғанымен, тұрғындар тарапынан нақты істер мен ауыз толтырып айтарлықтай бастамалар аз болып отыр. Патриотизм сөзбен емес, іспен дәлелденуі тиіс. Барлық адам осы сөзге терең мән беріп, жанына таныстары мен достарын шақырып, нақты іске кіріспейінше, арамшөптер жайқалып, қоқыстар шашылып жата бермек. Анығын айтқанда, қоқыс біздің көшелерде емес, ол біздің санамызда жатыр. Одан құтылу үшін санамызды тәрбиелеп алғанымыз дұрыс.

Г.САЛИКОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521