Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

(0 Votes)
Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер
фото: egov.kz

Мемлекеттік қызметші – қоғам, мемлекет айнасы, биліктің жарқын келбеті десек артық болмас. Мемлекеттік қызметті атқару - қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша, ерекше сенім білдіру деген сөз. Өйткені, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Жалпы, мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 13-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшi:

1) өкiлдi органның депутаты болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес.

4) өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;

6) ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.

Бұл шектеулер мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде персоналды басқару қызметімен жазбаша нысанда тіркеледі.

Мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттырып, заңнамалармен белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтап, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмай, кемшіліктері болған жағдайда оларды жойып, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтап, өзінің қызметтік міндеттерін адал орындап, бейтарап және сапалы атқарып, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану қажет.

Мемлекеттік қызметші деген атқа ие болудың өзі үлкен мәртебе. Заңнамада бекітілген қызметтік әдепті сақтау, қызметтік міндеттерін заңнама талаптарына сай орындау - әр мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты және міндеті. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттің өсуі мен өркендеуі оның жұмысының нәтижесі екенін ұмытпауы қажет.

Л.Жексенғалиева,

Мақат ауданы әкімі аппараты персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521