Ас қайырудың мәні

(1 Vote)

Тәрбиені тал бесіктен бастаудың мәні ұлттық болмысымызға тән.

Кез-келген істі бастамас бұрын «Бісмілләсін» ауызына алатын халқымыз ақырының баянды болуына ниет қояды. Әсіресе, дастархан басына жиналғанда ас-ауқаттың сіңімділігі мен берекесін тілейтін халқымыздың тәрбие-тағылымы да осыдан басталады. Бұл үрдістің жалғасын табуда береке мен бірліктің тоғысуына себепші болатын отбасылық тәрбиенің орыны ерекше. Атамыз қазақ әу бастан тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Мұны ас қайыру деп атаймыз. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Оны қара сөзбен де, өлеңмен де өріп, жеткізудің мазмұнында үлкен мән бар. Себебі, бұйыртқан несібенің берекесін еселеп, отбасының ұйытқысын келтірудің маңызы да жақсы ниеттен бастау алатынын ұғынған жөн. «Жақсы сөз – жарым ырыс» - демей ме, адам психолгиясы да сенім мен нанымнан сабақталып, келешектен кемелдік күту де отбасындағы тәрбиенің жемісі болмақ.

Бүгінде дастархан басына жиналған кейбір отбасыларда замандастарымыздың осы ас қайыруға мән бермейтіні қынжылтады. Тіпті, егде тартқан аға буын өкілдерінің де ұялы телефонға үңіліп отырып ауқаттанып, асын тауысқан соң, бас алмастан тұрып кетіп жүргені жасырын емес. Ас қайыруды күтіп отырған дастархандастарының ыңғайымен бір қолымен бетін сипаған боп, «заманауи» әдет тауып алғандарын қайтерсің?.

Ұлттық болмысымызға қайшы мұндай әрекеттерді байқағанда, ас қайырмайсың ба? –деп сұрасаң, ас қайыру міндет пе? –деп қарсы сауал қойып, өзіңді састыратыны тағы бар.

Шындығында, ас қайыру міндет пе?

Тамақтанып болған соң, дастарханнан тұрып кетуден бұрын дұға жасап, ас қайыру – әдеп болып саналады. Өйткені, біз қорек еткен барлық нәрсе Жаратқан иеміздің берген ризығы болғандықтан, пенденің шүкір етуі уәжіп саналады.

Діни пәтуаларда Омар ибн Сәләма: «Бала кезімде мен Пайғамбарымыздың қамқорлығында болдым. Әдетте қолымды ортаға қойылған ыдыстың әр тарапына соза беретінмін. Бір күні Пайғамбарымыз маған: «Ей, балақай! «Бисмиллә» деп айт, оң қолыңмен же және өз алдыңнан же!» деді. Содан бері мен тек солай тамақтанамын»,-деп айтқан екен.

Ал тамақтан соңғы дастархан батасы әртүрлі болуы мүмкін. Бақара сүресінің 172 аятында «Әлхамдул лилләһил ләзи атғамәна уә сақана уә жәғаләна минәл мүслимин» (Бізді ішкізіп-жегізген және мұсылман еткен Аллаға мақтау болсын!) деп, бата қайырған.

Сондықтан да мұсылман баласы тамақ жеуден бұрын «Биссмилләхир рахманиррахим» деп айтып, ауқаттанып болған соң, ас қайырып, дұға жасаудың маңызы зор.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521