Биыл мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдары үшін 19,1 млрд теңге бөлінді

(0 Votes)
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдарын және оңалту қызметтерін ұсыну үшін 19,1 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтылғандардың үлесі 2020 жыл қорытындысында 300 мыңнан астам адамды құрайтындығы жоспарланған. Жалпы, Қазақстанда мүгедектігі бар 695 мың адам тұрады. Оның ішінде 424 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 179,7 мың адам – зейнеткерлік жаста, 91,6 мың адам – 18 жасқа дейінгі балалар.
 
2019 жылдың қорытындысы бойынша техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-, тифло құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтері) қамтылғандар үлесі 292,4 мың адамды немесе мұқтаждардың жалпы санынан 69,5 пайызды құрады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлінді.
 
«2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру аясында мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен толық қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға 58,3 млрд теңге бөлінді (2020 жылы – 19,1 млрд теңге, 2021 жылы – 19,4 млрд теңге, 2022 жылы – 19,8 млрд теңге)», - деп атап өтеді ведомстводан.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы техникалық оңалту құралдарын тізімі өзектендірілді және 32-ден 55 түрге дейін кеңейтілді. Бұл мүгедектерге ескірген плеерлер мен телефондардың орнына жұмыс және оқу үшін заманауи ноутбуктер, смартфондар ұсынуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, оңалтудың қосымша техникалық құралдары мен міндетті гигиеналық құралдар, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған жаңа тифлотехникалық құралдар енгізілді. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну қарастырылған, есту қабілеті бұзылған мүгедектерге ымдау тілі мамандарының қызметтерін көрсету уақыты жылына 30 сағаттан 60 сағатқа дейін ұлғайтылды.
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521