Алғыс ырысты арттырады

(0 Votes)

Сын сәтте мойымаған, әркез ынтымағын ырысқа айналдыра білген біздің елде бірлік пен берекемізді күшейтер күніміз бар. Қанағаттану, ризашылық білдіру, алғыс айту – адамның жеке қасиеттерінің асыл көрінісі. Бөтенсің деп бөлектемей, жүзден аса ұлт өкілдерін бауырына басқан бауырмал қазақпыз.

Мұндай тектілік біздің қанымызға көнеден сіңген. Ұлы дала Ислам дінін қабылдаған кезде алғыс түсінігін бата ұғымы алмастырып, қазақ қоғамында ризашылық пен алғыс белгісі ретінде бата беру үрдісі орнықты. Ұлттық ұғымда алғыс алған адамның ырысы артып, құты көбейеді деген сенім қалыптасқан. Халқымыздың алғыстың елдік күшін паш ететін аталы сөз аз емес. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді», «Алтын алма, алғыс ал», «Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» дейді қазақ.

Пейілі ұлы даладай кең, бар жақсысын қонағына тосатын қазақ келген адамды бөліп-жармай бауырына басты. Солақай саясаттың құрбандарына барынша қамқорлық етті. Сол ұлт өкілдері қазір Қазақстанды  өз Отаны, қазақтарды  өз бауыры  санайды.

Адамдардың бір-біріне алғыс айтып, ыстық ықыласын білдіруі бауырмалдықты  арттырады. Бастысы, өзгеге қуаныш сыйлау үшін атаулы күнді күтіп жүрудің қажеті жоқ.

Алғыс пен шүкіршілік - қазақ халқының ұлттық танымындағы ізеттіліктің бір түрі. Қазақта «кішіпейіл болсаң, кішірейіп қалмайсың» деген мәтел бар. Кішіпейілдік танытып, жылы ілтипат білдіру адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнатары сөзсіз. 

Тұңғыш Президентіміз 2016 жылдың 14 қаңтарында өз жарлығымен елде жаңа мерекенің енетінін жариялаған болатын. Яғни 1 наурыз Қазақстан халықтар Ассамблеясының құрылған күні «Алғыс айту» күні болып белгіленді.

Қазақстан халықтар Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы осынау мейрамды Қазақстанда жыл сайын атап өтіп отыруды ұсыныс етті. Содан бері елімізде бұл айтулы күн өз деңгейінде аталып келеді.

Алғыс айту күні – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.

Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі.

Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. 

1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып бекітілуі  елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері мен қазақ елінің арасындағы ынтымақтастық пен бірлікті  бұрынғыдан да арттыра түсті. Бұл бір жағынан бейбітшілік пен келісімнің президенттік саясатының жарқын көрінісіне айналып келеді.

Г.САЛИКОВА

Сурет: ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521