Ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырмақ

(0 Votes)
Ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырмақ
фото: мектеп архивінен алынды

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланған болатын. Ондағы әр күннің өз атауы мен мән-мағынасы бар.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында ұлттық киімімізді дәріптеуге бағытталған түрлі шаралар өтті.

Негізінде, ұлттық киім кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғасыр тарих.

Жалпы, қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерімен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан. Қазақы киімнің барша сәнділігі оның ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр. Ерте замандардан бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қазақ қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдеріміз жетерлік.

Сондай-ақ, қазақ киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп - тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын сәнді болып келген. Осы ретте жақында еліміздің бірқатар мектептерінде, сондай-ақ, аудандағы білім бөліміне қарасты мекемелерде «Ұлттық киімдерді насихаттау» мақсатында әр аптаның жұма күндері мектеп ұстаздары мен оқушылар ұлттық нақышта киімдер киіп, жақсы бір үрдіс қалыптастыра бастады.

Ал, ұлттық құндылығымызды дәріптеп, іске асыруға ұстаздар қауымы мен оқушылар белсенді қатысуда. Бір жағынан мектеп оқушыларының партада бірыңғай ұлттық киіммен отырғандары келісті-ақ.

Сондықтан, олар ұлттық киімді тек Наурыз күнінде ғана емес, жылдың кез келген уақытында ұлықтау сәнге айналса дейді.

«Бұрын Наурыз, Тәуелсіздік мерекесі кезінде қазақы нақышта киінетін болсақ, енді аптаның бір күні ұлттық киімді кию үрдіске айналды. Мектебімізде де ұлттық киімді киюге оқушылардың қызығушылығы басым екендігі байқалады. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Сондықтан, оны насихаттаудан жалықпау керек», - дейді М.Баймұханов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Зәмзагүл Енбай.

Сондай-ақ, ұстаздардың пікірінше, ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді ұлықтау мектеп қабырғасынан басталады. Өйткені, ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ.

Қалай десек те, білім ордасында жас ұрпақтың тек заманауи білім нәрімен ғана сусындап қоймай, ұлттық мазмұнда тәлім-тәрбие алып жатқаны жанды жадыратады.

Ә.ТАЛҒАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521