«Желтоқсан оқиғасының» куәгері болғанбыз

(0 Votes)

Тәуелсіздігіміз үшін күрескен қазақ жастарының «Желтоқсан көтерілісі» тұсында Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік институтының төртінші курс студенті болатынбыз.

Әрине, «желтоқсан оқиғасына қатысушы» ретінде талай қиыншылық, қысымшылық менің курстастарымның басынан өтті. Тіпті, трибунаға барып, батылдық танытып сөз сөйлеген курстасымыз, өскемендік Гүлнар есімді қыз оқудан шығарылды. Менің курстастарым Жарылқап Қалыбай («Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналының редакторы), Срайыл Смайыл («Жас қазақ» газетінің редакторы), және т.б. қазіргі таңда еліміздің әр аймағында еңбек етіп жүрген журналистер, ақын-жазушылар кездескенде жастық шағымыздың тарихи кезеңге тап келгенін еске алып, басымыздан өткен қиындықтың ел еңсесін көтерілуімен жалғасқанына тәубе дейміз.

Еліміздің тарихында мәңгі жазылып қалған күн – 1986 жылдың 16 желтоқсаны. Әдеттегідей, таңертең сабаққа келдік. Біз оқитын кабинеттегі үстелдің астында жыртылған газеттерге көзім түсті. Әр жерде шашылып жатыр. Сөйтсек, Колбиннің суреттері бар, кеше ғана шыққан газет екен. Бірінші сабағымыз аяқталып, үзіліске шыққан мезгіл болатын. Бір кезде үстінде қара пальтосы бар, басында құлақшыны бар аққұба жігіт кіріп келіп:

- Жігіттер! Қыздар! Алаңға жиналамыз, келіңіздер!- деді де асыға басып, шығып кетті. Біз ештеңені түсінбей қалдық. Сабақ аяқталған соң жатақханаға келіп, шайымызды ішіп алған соң, ұмытпасам 16-17 сағаттың шамасы болуы керек, мен Арман мен Дина есімді құрбыммен бірге Темирязов көшесіне бағыт алдық. Әрі қарай политехникалық институт орналасқан ауданға жеттік. Мақсатымыз сол маңнан алаңға өту болатын. Ол жерде солдаттар қоршап тұр екен. Біраз жігіттер мен қыздар жиналып қалыпты. Біз де солардың қатарына барып, жайғастық. Бір бірімізге күбірлесіп, «енді қалай өтеміз»- деп тұрған кезде, бір топ жігіт келіп, қоршауды бұзып өтті. Оңтайлы кез туғанда біз де сол бағытқа өте шықтық. Келсек, алаңда құжынаған жастар. Олар біресе, «Қазақ басшы!» - деп ұрандаса, бірде «Менің Қазақстаным» әнін әуелетіп, алаңды жаңғырықтырып жатты.

Қыс мезгілі емес пе, күн ерте батты. Алаңда машиналар өртене бастады. Оған өрт сөндіретін машинамен су шашып, айқай-шу, алаң азан-қазан күйге енді. Бір мезгілде жараланған жастарды сол маңдағы үйлердің жертөлесіне жеткізе бастады. Оларға қолдарынан келгенше көмек көрсетіліп жатты.

Әлі есімде, жараланған бір жігітті көтеріп келе жатырған жігіт «Ұстай тұрыңыз» деп қара тонын маған ұстата салды. Енді бірі стаканмен су беріп, әркім өзінше көмек көрсетіп жүгіріп жүр. Мен де жараланған жігіттің тонын құшақтап айналасында жүргенде қасымдағы Арман мен Динадан көз жазып қалып, үрейленіп кеткенім бар. Бір уақытта бір-бірімізді тауып, түнгі 22-23 сағаттардың шамасында жаяулатып Фурманов көшесінен жоғары Әл Фараби көшесіне көтеріліп, жатақханаға жеттік. Жатақхананың кіре беріс дәлізінде бір топ мұғалім кезекшілікте отыр екен. Үшеуміз ішке жаймен еніп, бөлмемізге кеттік.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің өкілдері Арманнан жауап алған кезде, «мына көрші бөлмедегі қыз барды ма?» деп мен туралы мәлімет сұраған екен. Ол: -«Жоқ, ол бармады» деп, жасырып қалыпты. Сөйтіп, мені көп әуре-сарсаңнан құтқарған екен құрбым. Алаңда түсірілген сан мың суреттің ішінде біздің де суретіміз бар екен. Қараңғыда бізді суретке түсіріп жүргенін кім білген? – «Сенің де суретің болды ғой» –дейді Арман кейін маған. Осылайша, еліміз Тәуелсіздік таңын атырған желтоқсан оқиғасының қатысушысы әрі куәгері болып шыға келдік.

Қалжан МЫРЗАҒАЛИЕВА.

Мақат тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521