Отбасының жүрегі, Отанының тірегі

(0 Votes)

Қазақ қашанда ер баланы отбасының тірегі, елдің қорғаны болуға тәрбиелеген. Қолына қару алып, ел тыныштығы жолында түн ұйықтамай күзетте тұрып, сап құраған сарбаздар Отанның нағыз жаужүрек тарландары.

Ислам Сағынғалиев - Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып келген қырағы жігіт. 2016 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардия қатарына алынған доссорлық Ислам- Бауыржан Әділғалиев пен Ғазиза Үмбетованың 3 қыздың ішіндегі жалғыз ұлы. Отбасындағы жалғыз ұл болғанымен, әскерге баруға талпынды. Аудандық, облыстық әскери комисариаттан жедел өткен жас жігіт үстіне әскери киім киіп, Қарағанды қаласы, Абай ауданы, Сангородок мекеніне қарасты 6505 әскери бөліміне міндетін атқаруға жол тартты.

Ауданнан 5 бала аттанып, әскери бөлімде мерейлі міндеттің қызығы мен қиындығын бірге бастан кешті. Әскери бөлімде Ант қабылдағаннан кейін ол екі ай оқу-жаттығуларда шыңдалды. 4-ші жедел мақсаттағы батальонның атқыш қызметінде болған Ислам әскери дайындықтан өтіп, еліміздің тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. Алғашқы күннен бастап күн тәртібіне бағынып, түрлі тактиканы меңгеріп, көптеген техниканың тілін үйренді. «Біріміз үшін бәріміз» деп ұрандатып жүретін, еліміздің әр жерінен жиналса да, бір үйдің баласындай болып кеткен достар тапты. Міне осылай бір жыл жақындарынан жырақ өткен уақыт та зымырап өтіп, желтоқсан айында отбасына аман-есен оралды. Исламның әкесі Бауыржан Әділғалиев та екі жыл Ресей жерінде әскер қатарында болып, елге абыроймен оралған азамат. Әскерден оралған соң аудандық ішкі істер бөлімшесінде жұмысқа орналасып, осы уақытқа дейін аға сержант шеніне дейін жетті. 22 жыл мінсіз қызмет атқарып, ол былтыр зейнеткерлікке шықты. Әкеден осындай үлгілі, өнеге алған Ислам әскер қатарында да алдыңғы шептен көрінуге тырысты. Ол әскерден оралар тұста әскери бөлімінің командир полковнигі Б.Казкеевтің алғыс хатына ие болды. «Әскер мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Онда ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды. Сондықтан әрбір қазақ азаматы сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет деп санаймын» ,- дейді Ислам. Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521