Доссор ешқайда көшірілмейді

(1 Vote)

Жақын уақытта Мақат ауданының құрылғанына 95 жыл, Доссордан алғашқы мұнай атқылағанына 110 жыл толуына орай үлкен мереке өтеді.

Бұл жөнінде аудан әкімдігінде жиналыс өтіп, талқыланған болатын. Осы шарада Доссор кент әкімі Е.Қонысбайұлы кентте жоспарға алынып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баян еткен тұғын. Оның ішінде балабақшалар, колледж аумағынан салынатын стадион, көптен бері халықтың көкейінде жүрген перон мәселесі шешіліп, салынатындығы жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ, 1911 жылы алғашқы мұнай берген №3 скважинаны абаттандыру, қоршау мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп, жоспарға алынғанын жеткізді. Алдағы уақытта "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ кенттің көркейту бағытына ақша бөліп, ойын алаңын, спорт кешенін, демалыс орындарын салады деп айтылуда. Бұның барлығы кентті көркейту үшін жасалынып, қолға алынып жатырған жұмыстар. Осындай ілгері жұмыстар атқарылып жатқанда, халық арасында Доссорды «көшіреді» деген қанқу сөздер бар. Ол осыдан он жыл бұрын қозғалып, халық арасында әлі айтылып жүр. Бұл бұрын Ескене, Байшонас, Қошқар, Комсомолды көшіргеннен кейін шыққан әңгіме. Доссорда қазір он үш мыңдай халық бар. Оның барлығына баспана тауып беріп, тұтастай бір ауылды көшіріп жіберу деген ақылға сыймайтын сөз. Ертеде Қандыағаш стансасынан Атырауға дейін екі-үш теміржол пункті салынатын болып, соның жобасы жасалынды. Сол жоба бойынша сөйлескенімізде кентіміздегі теміржолға жақын орналасқан үйлер көшірілетіні айтылған болатын. Халық арасында бұл басқаша түсінікпен таралып, ауылды көшіреді деген әңгіме таралды. Кентімізде су, газ, жарық түгелдей қамтылған. Республикалық маңызы бар жолдың ортасында орналасқанбыз. Алдағы уақытта Ақтөбе-Атырау тас жолы салынып бітсе, кентіміздің беделі одан сайын асқақтай түсері анық. Осындай халыққа ыңғайлы жерде орналасқан жерді көшіреді деген бекер әңгіме. Доссор ешқайда көшірілмейді.

Дінғали ДӘУЛЕТБАЕВ,

кент ардагері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521