«Атырау» қай кезде де халықтың жоқтаушысы болып келеді

(0 Votes)

Өткен аптаның жұмасында әдебиет саласы майталмандары Атырау қаласына арнайы сапарлап, облыстық «Атырау» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған шараларға қатысты.

Газеттің мерейтойына арналған шаралар ертеңгісін ерте Атырау қаласындағы Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың ескерткіштеріне гүл шоғын қоюдан бастау алды.

Бұл күні «Атырау-Ақпарат» медиа орталығында медиа-музей ашылды. Медиа-музейдің жәдігерлері аймақтың журналистика саласына еңбегі сіңген қарымды қаламгерлер мен меншікті тілшілері ұстап тұтынған дүниелерінен, газеттің көне сандары мен фототілшілер түсірген суреттерден тұрады. Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан шыққан өнімдер де ерекше көз тартады. Жалпы, медиа-музейге 400-ге тарта жәдігер қойылған. 3 секцияға бөлінген жәдігерлер тобы «Шежірелер сыр шертеді», «Журналист – оқиға ортасында», «Тарихы терең төларна» деп аталады.

Мұнда «Атырау»газетінің ғана емес, аудандық газеттер мен жергілікті теларна туралы да мәліметтерді кездестіруге болады. Медиа-музейдің лентасын қию рәсімін Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Атырау» газетінде бас редактор болып бірнеше жылдар қызмет еткен Қилыбай Қуанышбайұлы жасады.

Бүгінде Атырау өңірі мәдениет, руханият саласына айрықша көңіл бөліп отырған аймақ қатарынан табылып отыр. Сондықтан, әрқашан жаңалық болған сайын елеңдеп, енді қандай игілікті іс жасауда деп отырамыз. Бүгін міне, тағы бір жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Бұл республикадағы тұңғыш музей деп білеміз. Мұндағы дүниелер осы аймақтың еңбеккерлері мен олар жеткен асуды айқындайды деді Ұлықбек Есдәулет. Ашылу салтанатында Қилыбай Қуанышбайұлы мен газеттің бас редакторы болған Теңдік Жауырұлының жары Рахимаш апай естелік әңгімелерін айтып, редактор қолжазбасын музейге ұсынды.

Бұл күні «Атырау-Ақпарат» медиа порталы да ресми түрде ашылды. Интернет каналдың тұсауын ақын, журналист, қазақ телевизиясына еңбегі сіңген, «ЮНЕСКО» сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай мен «Атырау» облыстық телевидениесіне еңбегі сіңген, бірнеше жыл осы саланы басқарған журналистика саласының ардагері Айтқали Құмарғалиев кесті.

Порталдың мүмкіндігі зор. Ғаламторда өз арнасын ашқан «Атырау-Ақпарат» медиа орталығының артықшылығы сол – бұл өз кезегінде мақалалардың оқырмандарға жедел жетуіне мүмкіндік береді.Сондай-ақ, медиа канал кеңсесі журналистерге қажетті құралдармен толық жабдықталған.

Мерекелік шара «Қазіргі қазақ журналистикасы: жаңа трендтер мен технологиялар» тақырыбындағы республикалық медиа-конференциямен жалғасын тапты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен конференцияны "Атырау-Ақпарат" ЖШС директоры Баязи Әбдешев ашып, жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, белгілі зиялы қауым өкілдері Мереке Құлкенов, Ұлықбек Есдәулет, Дәурен Қуат, Нұрлан Нұрғазин, Айдос Сарым, Ерболат Қамен, Қуат Әуесбай, т.б. елге танымал қаламгерлер қатысты.

Облыс әкімі «Атырау» газетінің бүгінгі мерейлі шағына жеткенге дейін белестерінің өзі өз алдына шежіре екендігін, уақыт көшіне ілескен баспасөз құралының бүгінгі күн талабынан шығып отырғандығын атап өтті. Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетов «Атырау» газетінің халық жоқтаушысы сапынан табылып келетіндігін, қай басылым болса да, Ахметтің «Газет-халықтың тілі, көзі, Һәм құлағы» сөзін жадында ұстаса деген пікірімен қоса, талай ұлылар түлеп ұшқан газеттің ғұмыр жасының ұзақ болуына тілектестігін білдірді.

Конференцияда Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, ардагер журналист Төлеген Жаңабаев тағылымды ой, тың пікірлерін қосты. Конференцияның шеңберінде өткен «Баспасөз – қоғам айнасы» тақырыбындағы секциялық мәжілісте бүгінгі журналистиканың дамуы, тіл тазалығы, тәрбие құралы төңірегінде ой өрбіткен «Орал өңірі», «Ақтөбе», «Маңғыстау медиа» басшылығының өкілдері пайымды ұсыныстарын қосты. Мәжіліс соңынан қарар қабылданды. «Атырау» газетінің 95 жылдығына арналған шаралар сенбі күні «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедиция жұмысына жалғасты.

Г.САЛИКОВА.

Суретті түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521