Атадан мал қалғанша, тал қалсын!

(0 Votes)

«Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» шарасы бойынша Доссор кенті аумағында жаппай ауылды жасылдандыру іс-шарасы өтті. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар.

Бұл табиғат анаға деген халықтың шынайы ықыласынан туса керек. Аудан әкімінің өкімімен жарияланған тазалық айлығының аясында 27 сәуір күні Доссор кентінде де жаппай ағаш отырғызу жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны көгалдандыруды басты мақсат еткен ізгілікті шараға кент әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Ерғожиева, ардагерлер немерелерімен, білім, мәдениет, медицина саласының қызметкерлері және кент тұрғындары атсалысты. Жылдағы дәстүр бойынша «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» акциясымен кентте жалпы 1150 қара тал және өңір климатына бейімделген 40 айланд ағашы егілді.

Бұл күні әсіресе «Құрылысшылар» ықшам ауданының тұрғындары белсенділік танытты. Кенттің көгалдануына елеулі үлес қосып жүрген Әділбек Идиятовтың бастамасымен акцияға жұмыла қатысқан азаматтардың белсенді әрекетінің арқасында «Доссор-Атырау» тас жолы бойындағы Амангелді ата зираты төңірегінде 150 ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ардагерлер игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін арнады. Тұрғындарды тазалық мәселесіне баса көңіл бөлуге шақырған аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмагулов және Доссор кенті әкімі міндетін атқарушы Гүлнар Ерғожиева алғыс айтып, ағаштарды күтіп-баптап ұстауға белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады. Бұл күні Атырау қаласының тұрғындары да арнайы келіп ағаш егіп, белсенділік танытты. «Өзім Доссор кентінің тумасымын. Он жыл бұрын қалаға қоныс аударған болатынмын. Бүгінгі шараны ести сала, жұмыстан сұранып келдім. Жас ағаштарды егіп, үлесімді қосқым келді. Біз бұл ісімізді туған өлкемізді гүлдендіруге қосқан үлесіміз деп білеміз»,- деді Ержан Серікұлы.

Сонымен қатар, кентке қарасты мекеме қызметкерлері аталмыш шара аясында 1040 жас теректі өз қолдарымен отырғызып, игілікті іс тындырды. Абаттандырумен қатар осы күні дәстүр бойынша сенбілік жалғасын тауып, бірқатар мекеме ұйымдар өз аумақтарын қоқыстан тазалады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521