Алғыс арқалаған Орын

(0 Votes)

«Орынның қолы жеңіл»,«Қағазыңызды жазып беріңіз, Орынға салдыртам».

Міне, осындай сенімді сөзбен Мақат кентінің ескі аталатын бөлігінің тұрғындары дәрігерден ем-домын жаздырып алып жататынының талай куәсі болып жүретінбіз. Тұрғындардың ілтипатына бөленіп,алғысын арқалап жүрген Орын Бектурлиевамен шағын егу бөлмесінде жүздестік. Мейірбикенің шипалы қолынан ем қабылдауға бұл күні де біраз адам кезекке тұрған. Орын Мақат кентінде көпбалалы Бектурлиевтар отбасында 1968 жылы дүниеге келген. Бір шаңырақта 13 бала тату тәтті ғұмыр кешіп, олардың сан салалы мамандық иесі атануына ата-анасы да қолдау білдіріп, қалаған мамандығын алып шығуына тілекші болған еді. Орын Қаманқызы кішкенесінен ақ халат киген дәрігерлерге қызығушы еді. Сол арман жетегімен мектеп бітірісімен Ресей елінің Челябинск қаласына барып, мейірбике ісі мамандығын алып қайтты. Бірден ауылға тартпады. Көршілес Ресей елінде берген дипломын іс жүзінде байқап та көрді. Ол Челябинск қаласындағы аурухананың кардиология бөлімшесінде алғаш еңбек жолын бастады. Туған жердің ыстық құшағы перзентін шет жерде көп қалдырмай, өзіне тартты. Сөйтіп, оқуы бар, тәжірибесі бар бес жылға таяу Ресей жерінде мамандығы бойынша ширай түскен Орын Мақатқа келіп, жұмысын жалғады.Отбасын құрды. Сәбилі болды. Өмір өзінің ағысымен алып кете барды.

Бір өкініштісі, сүйген жары Нәсіпқалидың өмірден ерте озғаны. Әйтпегенде, өзінен өрген балаларының қызығына тоймай, немере-жиендерінің ортасында жүрер еді. Ұрпақ өсіп, олардың былдырлаған сөзі мен шат күлкісіне бөленген бақытты әже әркез қызметін жоғары қояды. Жергілікті жердің тумасы болғандығынан да болар, мүмкін, ол әрқашан келушілерді етене танып, олардың жағдайын сұрап, әзілмен көңілдерін аулап жатады. -Әуелі жылы сөз, ықылас, сонан соң емімді жасаймын. Қолымнан келгенінше ем-домның не үшін, оның қалай әсер ететінін түсіндіруге тырысып бағамын. Сондай-ақ, емді толыққанды алудың маңызы бар екендігін айтудан жалықпаймын, -дейді Орын Қаманқызы. Отыз жылғы еңбек тәжірибесінде емделушілердің құрметіне бөленген Орынның өзі ісіне адал, көптің тілін таба білетін маман екендігін әр жылдарда алған марапаттары да дәлелдей түскендей. Ол аудан әкімінің орталық аурухана басшылығының облыстық басқарма басшылығының атынан алғыс хат иеленгенін еңбегімнің бағасы деп біледі.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521