«Домаланған қарын денсаулықтың жақсылығы емес»

(0 Votes)

«Астанаға - 20 жыл» ұранымен Махамбет ауданында 26 мамыр күні «Денсаулық алауы» тұтанған болатын.

Бұқара арасында салауатты өмірді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл эстафетаға жеті аудан халқы да белсенді атсалысты. 8 маусым күні Мақат ауданы Астананың төл мерекесі және «Медицина қызметкерлері күніне» орай ұйымдастырылған «Денсаулық алауы» эстафетасын Жылыой ауданынан қабылдап алды. Ауданның бір топ жауапты азаматтары алыстан ат терлетіп келген қонақтарды кент кіреберісінен күтіп алып, шұбатпен шөлін басқызып, бауырсақтан ауыз тигізді. Кейін, алауды ұстаған жылыойлық делегация тобы Доссор кентінің орталық көшесін бойлай жүгіріп, мәдениет үйі алаңына келді.

Аудан жұртшылығы көрші аудан қонақтарын қошеметпен қарсы алды. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қаhарман Дәуренұлы «Денсаулық факелін» Мақат ауданы әкімінің орынбасары Тілек Мұхтарұлына табыс етті. Мұнайлы мекенде салтанатты түрде алау жағылды. «Денсаулық алауын» тұтату рәсімінен кейін аудан әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейсов аудан тұрғындарын және өскелең жастарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Атаулы мерекеге ат басын тіреп келген барша қонақтарға жас ақын Нұрбек Сарбасов мерекелік арнауын орындады. Кейін, алаңға жиналғандар медицина саласы жастарының флешмобын тамашалады. Сонымен қатар,Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің муайтай, дзюдо, бокс, еркін күрес үйірмесінің жас спортшылары спорттық жаттығуларын сахналап, өнерлерін ортаға салса, Доссор мәдениет үйі көркемөнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ, шара барысында аудандық денсаулық сақтау қызметкерлері тегін медициналық қызмет түрлерін ұсынды. Ақ халатты абзал жандар кент тұрғындарына салмақ, бой, қан қысымын өлшеп, қандағы қант деңгейін анықтап, түрлі кеңестер берді. Ауданда тұтанған эстафета алауы, 9 маусым күні Атырау қаласына жол тартып, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа табысталды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521