Айырмай ақ пен қарасын...

(0 Votes)

Қазіргі қоғамның қозғаушы күші жастарымыз болғандықтан, олардың басындағы проблемалармен бірлесе күресуіміз керек. Себебі, келешек ұрпақ – қазіргі жастар.

Проблема барлық елде бірдей болуы да, болмауы да мүмкін. Алайда кез келген қоғамда мәселе болып отырған бірден бір нәрсе ол – діни экстремизм. Бұл проблеманы тек қазақ жастарына ғана тән дей алмаймыз. Бірақ, біздің қоғамда да орын алып отырған жағдай. Діни экстремизммен күрес елімізде өте терең деңгейде жүргізілуде. Кейбір жастарымыз имандылық жолын ұстанам деп жаза басып жатырғаны жасырын емес. Ал сондай жастарымыздың саны артып кетсе, күресу мүлдем қиынға соқпай ма? Діни экстремизм деген ұғым бізге қайдан, қалай, не үшін келді деген сұрақтар шырт ұйқыдан оятып, бейбіт елді мазалайтыны даусыз. Дін жолында адал жүргендер де көптің арасына қосақталып «жат ағымның құрсауына ілікті» деген сияқты айыптар да тағылып жатады. Бұл деген дінге сенгендік емес, діннен безінгендік емес пе? Діни экстремизмді «дінді қалқан ете отырып, лаңкестік шараларын іске асыру» деп түсіндіреміз. Бұл яғни белгілі бір ұйымдардың сырттан жасалып жатырған іс-әрекеттері, елге ылаң туғызушылар деп түсінуге де болады, бірақ бұған нақты дәлел жоқ. Алайда діни экстремизмнің жетегінде жастарымыз кетер болса, елдің болашағын елестету мүмкін емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын тәуелсіз ел болып, елдігімізді барша жұртқа мойындатқанымызда өзімізді бейбіт, зайырлы мемлекет деп жарияладық. Қаншама жыл отаршылдықтың құрсауындағы еліміз дін жолын ұстануға еркіндік алған шақта, діни экстремизм өз отымен шарпуда. Қазіргі еліміз бұл проблемаға бейжай қарап отырған жоқ. Заңдарға өзгерістер енгізіліп, қоғамда ортақ тәртіп орнатылуда.

Жастар қауымы әрқашан да жаңа өзгерістерге, жағымды не жағымсыз ықпалға бейімделгіш. Жастардың сана-сезімдерінің қалыптасуына қоғамдағы діни ахуал үлкен әсер етеді. Сонымен қоса жастарымыздың киіну әдебі де бір жағына қарай ойысып барады. Қаракөз қыздарымыз сұлу ажарларын жасырып, тұмшаланып жүрсе, жас жігіттер кәмелет жасқа толмай, сақал өсіріп, қысқа балақты шалбарды өздеріне жарасымды көріп жүр. Сырт көзге оғаш көрінгенмен «әркімнің өз талғамы бар» деген тіркестер де оларға қолдау тапқызғандай. Осындай қарапайым мәселелердің өзі қазіргі өркениетті заманда тұрпайыланып барады.Сондықтан мұндай күрделі астары бар проблемаларды қазірден шешіп, алдын алу жұмыстарына жұмылып кіріскеніміз игі.

Діни бағытта жастардың сауаттылығын арттырып, көздерін ашып, тура жол сілтейтін имамдарымыз өз жұмыстарын тоқтатпақ емес. Елімізде мешіттер тұрғызып, ауыл-қалалардағы тұрғындар үшін үлкен көмек көрсетіп, олардың діни білімдерінің өрісін кеңейтуге жол ашуда. Сондықтан жастарға өз дініміз, өз мазхабымызды кеңінен, толығынан насихаттап, зерделеу жұмыстарын күшейткеніміз жөн. Елімізде діни сауат арттыру бағытында медреселерді көптеп ашу қажет. Қазіргі кезде жастардың діни санасын қалпына келтіру үшін мектептерде дінтану, ЖОО-да зайырлылық және дінтану негіздері деген пәт оқытылады. Енді Қоғам және дін істері комитеті “Қоғам және дін” деген оқулық даярлап жатыр. Баланы ерте жастан жат ағымдардан сақтандыру және ол жұмыстарды ата-аналармен бірлесе отырып жасау қажет. Бірақ осы жұмыс салдарынан балалардың санасына дінге деген қорқыныш тудырып алмауды да ескеруіміз керек. Себебі, діни экстремизм ислам дінін қалқан етушілер екенін естен шығармайық. Қазіргі уақытта жат ағымдарға жастардың еріп кетуіне әр түрлі нәрселер себеп болуы мүмкін. Мысалы, ата-аналарының назарынан тыс қалған жасөспірімдер психологиялық тұрғыдан өзін-өзі жалғыз сезініп, жылуды басқа жақтан іздеп, пана табуы. Бұл тұрғысында ата-аналармен оқу орындары ерекше байланыс орнатып, баланың келешегіне жеңіл қарамауы керек. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін оның патриот ұлдары мен қыздары. Сондықтан да жастарымыздың көлденең көк аттының соңынан еріп кетуіне жол бермей, тосқауыл жасау – үлкен аға буындарға міндет. Мемлекетіміздің көк туын желбіретіп, Елтаңбасын көтеріп, Әнұранын асқақтататын тек саналы жастар. Мемлекетіміздің ертеңін ойласақ, дамыған Қазақстанды бірге көркейтуге ел болып, бас құрып кез келген қарсылыққа қасқайып тұрар азаматтар мен азаматшалар тәрбиелейік.

М.СЕРІКҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521