Ләззаттың бұйымдары көздің жауын алады

(0 Votes)

Қолөнер шебері Ләззат Бүркішева Доссор кентінде туып-өскен.

Кішкентайынан әжесінің тұрмыстағы тірлігіне көмектесіп, ұлттық өнердің мәйегін бойына сіңірген бойжеткеннің таланты ерекше.

Он саусағының әр іске икемі бар. «Шебердің қолы алтын» демекші, өз қиялына ерік беріп, бір-біріне ұқсамайтын әсем, көздің жауын алатын бұйымдарды жасайды. Оның қолынан шыққан түрлі сәнді бұйымдар мен туындыларын көргенде ерекше сүйсінесің. Ол киімін де өзі тігіп, игілігіне жаратар тұрмысқа қажетті дүниелерді де өзі жасайды. Өзінің тың туындыларымен танылған қолөнерші аз уақыттың ішінде өнерімен талайларды тамсандырып, тапсырыстар қабылдай бастады. Осы жылдың жазында Ләззат «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» жобасының бір айлық оқуына қатысып, өз жобасын жасады. Жоба арқылы 240 мың теңгелік қайтарымсыз грантқа ие болды. Берілген қаражатқа машинасын алып, көптен аңсаған арманына қол жеткізді. Осылайша арманына бір табан жақындаған ол «қалауын тапса, қар жанатынын» айтады.

«Іс тігуге деген қызығушылық бала кезімнен қалыптасқан қасиет. Матадан түрлі бұйымдар тігуге жастайымнан құмар болдым. Есімде, әжемнің бір әдемі көйлегін кесіп, өзіме сәнді көйлек тігіп алғаным бар. Істі бастамас бұрын әр түстің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша көңіл бөлемін» -деп бөлісті ісімен шебер. Иә, осындай тамаша өнер түрімен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, асқан шыдамдылық пен қажырлы еңбек, табандылық пен талап керек. Тұрмыстық қалдықтарды Ләззат қоқысқа тастауға асықпайды. Олардан да ойға сыймайтын дүниелер жасауға болады дейді.

Жүйрікті шабысынан танысақ, шын шеберді жасаған жұмысынан байқауға болады. Ал, оның жасаған бұйымдары бір-біріне жарасым тауып, көздің жауын алады. Отбасының ұйытқысы, өз ісінің шебері, ұлттық өнерді сүюге, дамытуға өз үлесін қосып жүрген жаны сұлу Ләззат Сембайқызының ісі де, сөзі де, мінезі де сұлу. Жүзі иманды, өн бойынан қарапайымдылық сезіліп тұратын, еңбекқор жан балаларына да қолынан шыққан дүниелерін пайдаланады. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберінің ісі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521