«Адал сайлау үшін» штабының мүшелері жастармен кездесті

(0 Votes)

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Адал сайлау үшін» штабының мүшелері үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу тақырыбы: «Азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері». Іс-шара модераторы заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева сайлау кезеңіндегі заңгерлердің миссиясы туралы айтып берді. Штаб мүшелері, белгілі заңгер ғалымдар Ермек Әбдірасұлов, Индира Әубәкірова конституциялық реформаның, сайлау заңнамасының, сайлау процесін ұйымдастырудың және тағы да басқа негізгі ережелерін егжей-тегжейлі атап өтті. Заң ғылымдарының докторы, профессор, заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері туралы бөлек тоқталды. Профессор Еркін Дүйсенов өз сөзінде сайлау заңнамасын жаңғырту қажет екенін атап өтіп, сайлау процесінде новеллаларды ашты.

Жастарға ең алдымен сайлаушылардың құқығы туралы баяндадық. Сайлаушы өз құқығын қалай қорғау керек, ол үшін не істеу керек? Сайлау науқаны кезінде қоғамда, адамдар арасында түрлі сұрақтар туындап жатады. Кейбірі тізімнен өздерін таба алмайды. Сол кезде не істеу керек екенін түсіндіру біздің міндетіміз болып отыр, – деді республикалық «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Әбдірасұлов. 

Қатысушыларға байқаушылардың сайлау процесіне қатысуы, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну ерекшеліктері үлкен қызығушылық тудырды.

Университет басшылығы, профессорлар мен оқытушылар штабтың түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, өткізіліп жатқан іс-шараларға қолдау білдірді.

Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Мақсаты – конституциялық реформа ережелерін жария өрісте заң қоғамдастығының құқықтық сүйемелдеуі, сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау.

Айта кетерлігі, сайлау туралы құқықтық кеңес алғысы келген тұрғындар Қазақстан заңгерлер одағының арнайы парақшасындағы нөмірлерге қоңырау шала алады. 
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT