Ызғырыққа тоңғандардың бірі еді

(0 Votes)

Тәуелсіздіктің түп-тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екеніне ешкім дау айта қоймас.

1986 жылы Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасы болды.

Бұл оқиғаның дәл ортасында  жерлесіміз  Гүлнар Қабиева да бар  болатын.

-1986 жылы Алматы қаласында Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында оқып жүргенмін.  16 желтоқсан күні кешкісін  жастар  алаңға шығыңдар деп  кетті. Содан бес қыз болып алаңға қарай шығып бара жатқанымызда, артымыздан  ҰҚК-нің қызметкерлері ұстап алып, автобусқа отырғызып алып кетті. «Газельмен» милициялар қуды.  Жатақхананың қуысына келіп, тығылдық. Бірақ, сол жерден бөлімшеге  алып келіп,  тергеп, қамауға алды. Бәрі студенттер, жастар.

Қайта сол жерде қазақ милициялары болып, қолхатпен  1 күн түнеп шығып, 1 қызды алып қалды. Қамауда отырған кезде студенттерді алып келіп,  аяусыз ұрып-соғып, тепкінің астына алған. Қасымда болған қыздың айтуынша, ауылдан келе жатып, автобустан түсе сала милициялар алып кетіп, дубинкамен ұрған. Басынан қан ағып жатса да, ешкім оған көмек көрсетпеді. Қамаудан шыққаннан кейін сол жердегі оқиғалардан денсаулығы нашарлады. Сосын екінші күннің түнінен бастап бұл оқиға кеңінен өрбіп кетті. Қала үстінде гүр-гүр еткен нәрселер көбейіп кетті, соғыс кезіндегідей әсер қалдырды. Сөйтсек, Ресейден  әскери қосымша күш әкелінген екен. Үшінші күннен бастап жаншулар басталды. Сондай кездерде жағдайды өз үлесіне шешу үшін бір топтар пайда болды. «Орыс пен қазақ бір-бірін қырып жатыр екен» деген қауесет әңгімелер шығып кетті. Осылай жүріп, 1987 жылы оқуды бітіріп, жас маман болып ауылға қайттым. Ауылға келіп,  қазіргі М.Баймұханов атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Қолымызда арнайы билет болды, сол билетті тартып алды. Алматыдан әкімшілікке қағаз келіп, мұғалімдікке жұмыс жасауға болмайды деп жұмыстан шығарып жіберді.  Тәуелсіздік алғаннан кейін тынышталды. Бір жағынан бұл оқиға тәуелсіздік алуымызға жолбасшы болды. Біраз адамдар қорлық көрді,- деп есіне алады кейіпкеріміз.

Қазіргі таңда Гүлнар Қабиқызы Мақат кенті әкімшілігінде әлеуметтік қызметкер болып қызмет атқарады. 2016 жылы «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік төсбелгісімен марапатталған.

Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Желтоқсан оқиғасы осы бір "соқтықпалы" соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. "Мың өліп мың тірілген"  қазақ елі өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. 

А.ТАУМҰРЫНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521