Мемлекет басшысы: «Бас қала маңындағы елді мекендерді көркейту қажет»

(0 Votes)

Үкімет Астананың, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыруы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Үкімет Астананың, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыруы керек. Арнайы құжат қабылдау қажет. Онда тұрғындардың пікірі және қалаға қатысты мәселенің бәрі ескерілуге тиіс.

Сондай-ақ Астананың, жақын маңдағы облыстардың әкімдіктері, мәслихаттары және қоғамдық кеңестері арасында өзара тиімді қатынас орнату маңызды.

Елорда және оның төңірегінде орналасқан елді мекендер біркелкі дамуы керек. Олардың арасында көп айырмашылық болмауға тиіс. Сол үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты мәселе. Бір сөзбен айтқанда, бас қала маңындағы елді мекендерді көркейту қажет. Олар өмір сүруге барынша қолайлы болуға тиіс.

Елорданы дамытуға қатысты барлық мәселені жан-жақты ойластырып шешу маңызды. Ол үшін «Астананың мәртебесі туралы» заңға шұғыл түрде тиісті өзгерістер енгізу қажет. Заң арқылы әкімдіктің құзыреті мен жауапкершілігін күшейту керек. Астана тұрақты даму үшін оны тиімді әрі сапалы басқару қажет. Жалпы, Астананы өркендету үшін, ең алдымен, әкімдік, кәсіпкерлер және тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Басты міндет – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осыны дұрыс түсінген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент Астананы дамыту жөнінде берілген тапсырмалар дер кезінде әрі сапалы орындалуы керегін ескертті.

«Ең алдымен, бүгін айтылған міндеттерді дер кезінде әрі сапалы орындау керек. Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс. Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс. Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін», – деп түйді сөзін Мемлекет басшысы.

ҚазАқпарат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521