МӘМС арқылы 95 мақаттыққа ота жасалған

(0 Votes)
МӘМС арқылы  95 мақаттыққа ота жасалған
фото: massaget.kz

 Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне төрт жылдың төңірегі болыпты. Содан бері денсаулық сақтау саласына бюджеттен қаралатын қаржы екі есе артты. Қазірдің өзінде МӘМС жүйесінің игілігін көріп, тиімділігіне көз жеткізген адамдар көп. Өйткені қымбат медициналық технологияларға деген қолжетімділіктің артқанын көріп отырмыз. Десекте, еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қоры туралы көзқарас сан қилы. Жалпы жүйені жетілдіру керек пе, әлде оны жойған дұрыс па деген сауал көпшілікті мазалап жүргені анық. МӘМС жүйесін тоқтата салумен еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі шешіле қоймас. Бұл жүйені енгізу үшін көп шаруа атқарылды, атқарылып та жатыр. Әлі де жетілдіретін тұстары бар. 

Осы орайда ауданда МӘМС аясында атқарылып жатқан жұмыстарды білмек ниетте Мақат аудандық ауруханасы директорының міндетін уақытша атқарушы, аудандық мәслихат депутаты Тайшекенова Рысгүл Лекерқызымен сұхбаттасқан едік.

- Рысгүл Лекерқызы, аудандық ауруханада ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз?

- Мақат аудандық ауруханасында 2023 жылдың 11 айы ішінде стационарлық ем алушылар саны – 4 300 адамды құрады. Оның ішінде 1750 әйел адам, 1960-ы ерлер болса, 590-ы балалар. Аудан бойынша 2023 жылдың қараша айы жағдайымен РПН бойынша халық саны 26830 адамды құрады. Олардың 24605-і МӘМС жүйесінде сақтандырылып, 91,7% құраса, сақтандырылмағандардың саны - 2225 адам болып отыр. Олар Мақат кентінде - 967, Доссор кентінде - 1139, Бәйгетөбе ауылдық округінде - 119. Атап айтқанда: - 449 жұмысшылар, 668 - жұмыссыз, 143- жеке кәсіпкер, 112 - өз-өзіне жарна төлейтіндер, 165 - студенттер, 319 - үй шаруасындағылар, 5 - адам қайтыс болғандар, 11 - жеңілдік санатындағылар, 5 - жүкті әйел, 6 - жұмыссыз ретінде тіркелгендер.

Осы орайда, тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақатандыру жүйесіне сақтандырылу бойынша аудандық аурухана қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдар арқылы үш рет бейнесюжет түсіріліп, әлеуметтік желідегі Instagram, Facebook парақшаларында ақпараттық нұсқамалар беріліп, тұрғындармен кездесулер өткізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

- Аудандық ауруханада МӘМС жүйесіне сақтандырылу арқылы емделген немесе жолдамалар мен квоталар алу арқылы орталықтардан күрделі оталар жасатуға қол жеткізіп жатқан пациенттер туралы ақпараттар берсеңіз?

-Аудан тұғындарының денсаулығын нығайту, дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында ауданымызға – 79 квота бөлінді. Оның ішінде балаларға - 80 бірлік қарастырылды. 2023 жылдың қараша айына дейін 95 ота жасалып, оның ішінде балаларға 16 ота жасалды. Бұл оталардың барлығы да пациенттерге МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалып отыр. Науқастарда отадан кейінгі асқыну фактілері тіркелген жоқ.

-Рыскүл Лекерқызы өзіңіз денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келесіз, әрі мықты сарапшысыз! Маман ретінде елімізде жүзеге асырылып жатқан МӘМС жүйесі туралы өз ойыңызды білсек?

-Мемлекеттің басты капиталы – халқы. Ал адам денсаулығы мен оның өмірін сақтау – әрқашан алғашқы орында тұруы тиіс. Бұл біздің Ата Заң Конституциямызда да анық айтылған. МӘМС жүйесінің бірінші кезектегі міндеті көп жылдан бері қаржы тапшылығын бастан өткерген отандық денсаулық сақтау саласын тығырықтан шығару болды. Жүйе енгізілгелі қаржыландыру 2 есе ұлғайды. Қаржының ұлғаюы көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін жылдан жылға арттыруға мүмкіндік берді.

Негізі тегін медициналық көмекті МӘМС-ке дейін де алуға болатын еді. Қазір де солай. Яғни, медициналық мәртебеңізге қарамастан берілетін көмек түрлері бар. Жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек дегендей. Ал МӘМС-тің қызметі де, құзіреті де көптеу. Мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы жақсы ойдамын. Жаңа жүйе денсаулық сақтау саласына көп жетістік алып келді. Оның бірі, МӘМС енгізілгенге дейін азаматтар көптеген талдаулар мен тексерулер үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Ал бүгінгі күні, әрбір сақтандырылған адам қажет болған жағдайда өз денсаулығының жай-күйі бойынша МӘМС есебінен үлкен тізбеден барлық қызметтерді ала алады. Қазірдің өзінде МӘМС жүйесінің игілігін көріп, тиімділігіне көз жеткізген адам көп. Өйткені қымбат медициналық технологияларға деген қол-жетімділіктің артқанын көріп отырмыз.

МӘМС енгізілгелі бері ауылдық медицинаны жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, жылжымалы медициналық кешен шалғай аймақтарда тұратын тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік туғызды. Онда біздің мамандарға (терапевт, акушер-гинеколог, неврапатолог) скрининг, диагностикалық, лабораториялық тексерулерді жүргізуге мүмкіндіктері қаралған.

Денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді интеграциялау және цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде көптеген олқылықты жойып, жүйенің тиімді жұмыс істеуіне үлкен сеп болатыны анық.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521