Екпе алмаған ауруға ұшырайды

(0 Votes)

Қазіргі таңда аудандағы діни ахуал тұрақтылығымен сипатталады. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы тетіктерді жүзеге асыра білудің нәтижесі екені анық. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет атқаруда. Бұл жөнінде өткен аптада аудан әкімі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес отырысында кеңінен әңгіме болды.

Кеңесті төрағасы аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев жүргізді. Жиналыс барысында күн тәртібіне сәйкес аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Өтепберген Сарбасов Радикалды діни ағымдар таралуын алдын алу мен қарсы іс-қимыл жұмыстарын жүргізу нәтижелері туралы баяндады.

Жұмыссыз жастармен, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтармен және басқа да ұйымдастырылмаған топтармен жұмыс жайы талқыланды. Сондай-ақ, діни сенім негізінде қоғам денсаулығына кері әсерін тигізу, соның ішінде, балалардың екпе алуынан бас тарту фактілері туралы аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Айнұр Елемесова есебі тыңдалды.

Бүгінде елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе (вакцина) болса, бұл мәселе ауданымызда да орын алуда. Балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егілетін екпеден бас тартушы ата-аналар саны көбейді. Денсаулық сақтау қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқ екенін айтып, шырылдап бағуда. А.Елемесова 2018 жылдың алғашқы айларында екпе жұмысы 98 % болғандығын айтады. Дегенмен, өткен жылы 58 балаға екпе салынбаған.

Олардың 10-ы вакцина құрамына сенбеушілік танытып отырса, 4-уі түрлі алып-қашпа әңгімелер мен әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенеді. Ал, 44-і діни көзқарастарына қайшы келер әрекеттен аулақтап отырмыз деген желеуді алға тартып отыр. Әрқайсысына тоқталған дәрігер олардың екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр боларына әлі де мойынсұнбай отырғанын айтты.

Соңғы кездері жас ата-аналардың білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні алаңдатады. Жалған ақпараттардың арқасында, жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Түсіндіру жұмыстарына шақырғанда, келмейтін ата-аналар да көп. Еліміздегі инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Ауруларға қарсы егулер мемлекет есебінен қаржыландырылады. Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттер де екпеге жыл сайын миллиондаған қаражат бөледі. Сөйтіп, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алады.

Ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Демек, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін шариғат та мойындап отыр. Дәрігер осы жылғы тұмау ауруының өте қатты түрде өткенін, оған шалдыққан тұрғындардың ішінде балалардың көптеп кездескенін атап өтті.

Шын мәнінде, тұмаудың себеп-салдарына ұқсас тыныстық жолдармен берілетін 300-ден астам жұқпалы инфекциялар бар. Тәжірибеде кездескендей, облыстық ауруханаға өте ауыр халде түскен үш баланың үшеуі де қажетті екпені алмағандығы белгілі болды. Сөйтіп, бір баланың ауруы қатты асқынып, ақыры туберкулез ауруына әкеліп отыр. -Егер де БЦЖ, туберкулезге қарсы вакцинациясынан бас тартқан балалар болса, сол үйде, бұрын үйдің маңайында я болмаса сол подъезде біреу туберкулезбен шалдыққан болатын болса, я болмаса ауру сатысында болса, яғни ол баланың туберкулезге шалдығуы әбден мүмкін. Неге десеңіз оған қарсы вакцинация алынбаған. Иммунитеті жоқ, -деді А.Елемесова. Дәрігер бала құқығын қорғау мақсатымен олардың аты-жөнін ақпарат құралдары бетінде жарияламауды өтінді.

Шындығында, ата-ана егілуге тиіс вакцинадан бас тарту арқылы баласының құқығын аяқасты еткендігін білуі қажет. Өйткені, екпе алмаған балалар бүгінде мектеп жасына енді жеткен балалар. Ал, олардың ата-аналары болса, кезінде қажетті екпелердің бәрін қабылдап, кез келген ауруға қарсы иммунитет қалыптастырып алушылар.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» демекші, ұрпағының денсаулығына немқұрайлы ата-аналар болмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан, қараңғыда жүріп, адасқанға жол көрсетер шам қашан да табылары сөзсіз. Олай болса, қамданайық!

Г.САЛИКОВА. Суретті түсірген А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521