Берекелі шаңырақ - ынтымақтың бастауы

(0 Votes)

«Отбасы – шағын мемлекет» деп бағалайтын елімізде әрбір отбасы мүшесін бірлікке, бауырмалдылыққа үндеп, қоғамның діңгегін қалыптастырады.

Халқымыздың тамыры тереңге тартқан отбасылық құндылықтар бүгінге сабақталуы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да айқын бағыттармен көрсетіп отыр.

Демек, ұлттық болмысымыздан бастау алған рухани құндылықтарымыздың негізі отбасылық дәстүрімізде көрініс тауып келетіні айқын. Оны бағалап, кейінгі ұрпаққа дәріптеу – жанұя жарастығын сақтай отырып, аудан шеңберіндегі үлгілі отбасылардың өмір-деректері мен отбасылық тәжірибелерін ұлағаттау мақсатында ауданда өткен отбасылық кездесу осының куәсі. Отбасы күні мерекесіне орай ауданымызда өсіп-өніп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, ынтымақты жанұя жарастығын сақтап келелтін бір топ отбасыларға құрмет көрсетілді. Отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын бөліскен кездесу қонақтарына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Хамидуллина аудан басшылығының сәлемін жеткізіп, еркін форматта ұйымдастырылған шараның маңызына тоқталды. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, отбасы – қоғамымыздың басты тұғыры, экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік саясатын қалыптастырудың негізі болып табылып, тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа жетістіктерін ұрпақ санасына ұғындыруда зор рөл атқарады. Жиында отбасылық қағидаттар мен құндылықтарды екшеп, ымыралы өмір сүру дағдыларын насихаттау да ескерілді. Мерекеге орай салтанат құрған жиынға 63 жылға жуық отасып, ұрпақ сабақтастығын жалғап келетін Оспановтар, 52 жыл отасқан Саршаевтар, 50 жыл отасқан Қайыровтар және Жалғасбаевтар, 40 жыл отасқан Дәулетовтер, 25 жыл отасқан Туралиевтар отбасылары қатысып, жанұялық өмірлерінен тағылымды деректер тарқатты. Әр отбасының шаңырақ көтеруіне себепші тағдыр талайлары мен өнегелі өмір жолдарынан үлгі болар естеліктер айтылып, берекелі істің бастауына жол көрсетілді. Жиынға бір топ жас отбасылар куә болып, отбасылық өмір жайлы қызықты деректермен бөлісті. Аудан көркемөнерпаздары отбасы тақырыбында концерттік бағдарламаларын ұсынса, Жастар ресурстық орталығы ұжымы дастархан мәзірін дайындап, қатысушыларды тәтті шәймен сергітті. Шара соңында С.Хамидуллина аудан басшылығы атынан шараға қатысқан өнегелі отбасыларға марапат сыйларын табыстап, жас шаңырақ иелеріне арналған кеңес кітапшалар тарту етті.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521