Асығың алшы түссін, Халел!

(0 Votes)
Асығың алшы түссін, Халел!
фото: paryz.kz

Ұлттық ойындар мен мерекелердің қай уақытта да қоғамдық мәні зор. Кейбір ойындардың бүгінде спорт түрлеріне айналуы да кездейсоқтық емес. 

Ұлттық ойындардың негізгілерінің өзі жүзден асып жығылады. Оның барлығы түрлі мейрамдарда, тойларда, ойын-сауықта, жиындарда ойналатын болған. Ал Наурыз мейрамында қазақ халқы алтыбақан, арқан тартыс, тымақ ату, аударыспақ, көкпар, теңге ілу мен қыз қуудан, асық ату секілді ойындарды ойнаған.

Солардың бірі – асық ату ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі.

Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылған. Ол баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, алғырлыққа тәрбиелеген. Сондықтан, асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу болып келеді.

Халқымыз да «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады.

Қуантарлығы, бүгінде қазақтың ұлттық асық ойыны кеңінен насихатталып келеді. Бұл өскелең ұрпаққа өз елінің мәдени мұрасын түсінуге және бағалауға және олардың ұлттық болмысымен көбірек байланыстыруға көмектеседі.

Ауданымызда ұлттық ойынымыз асық спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандар да жоқ емес. Солардың бірі – М.Баймұханов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Халел Аманғалиұлы.

Ұлттық ойынды жанына серік еткен ол бүгінде қазақтың төл ойынын төрге шығарып, белестерді бағындырып жүр. Үздік ойыншы атанған мектеп оқушысы бүгінгі күнге дейін мектепішілік, аудандық, облыстық жарыстарда, Астана, Алматы, Талдықорған, Тараз, Көкшетау қалаларында өткен республикалық ойындарда жеңімпаз атанып, ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғап жүр.

«Көнеден келе жатқан ұлттық ойынымыздың бүгінгі таңдағы өрісі кеңейіп жатқандығы көңіл қуантады. Облысымызда, ауданымызда осы ойыннан жиі жарыс ұйымдастырылып келеді. Және оған қатысып, қызығушылық танытатын оқушылар да көп. Шын мәнінде асық ойнаған адам азбайды. Есесіне шынығып, шыңдалады», - дейді Халел Аманғалиұлы.

Сондай-ақ, ол асық туралы мәліметтер беріп, асық түрлерін көзбе-көз көрсетіп түсіндіру арқылы ұлттық ойынға қызығушылығын оятқан жаттықтырушы, ұстазы Мұрат Қайыровтың еңбегі зор екендігін жеткізді. Одан бөлек, өзімен бірге жетістіктерге жетіп жүрген достары Батырхан, Ұлан Мақсотовтарды айтып өтті.

Сақасын сайлап, жарыста қанжығасын майлап жүрген Халелдің оқу үлгерімі де жақсы, мектеп мақтанышы. Ол алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүрсе де, оқу мен спортты қатар алып жүру қиын еместігін айтады.

Иә, ендеше бәріміздің жаңа жылда асығымыз алшысынан түссін.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521