Абайтану ілімі мектеп бағдарламасына енгізілсе...

(0 Votes)

Ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өз ұсынысымды білдіруді жөн көрдім. Атап айтқанда, мектеп бағдарламасына «Абайтану», болмаса, «Абай әлемі» деген жаңа пән енгізілсе деген тілегім бар.

Бұл мәселені мен текке көтеріп отырғаным жоқ. Ондағы ойым – жас толқын Абайдай ұлы тұлғаны танып білсе екен. Мәселен, бес жастағы баладан «өскенде кім болғың келеді?» деп сұрай қалсаң, көп жағдайда адам қиялынан туған кейіпкерлердің бірін айтады. Бірақ, олардың арасынан Алпамыс пен Ер Төстік, Көлтауысар мен Саққұлақ, Желаяқ пен Таусоғардың табыла қоюы екіталай...

Ал, сол сұрақты мектеп оқушысына қойсаң, бай кәсіпкер немесе белгілі өнер иесі болатынын айтуы мүмкін. Бірақ, Әл-Фараби мен Абайлар секілді данышпан болғысы келетіндер аз. Ендеше, Абайға еліктеп өсетін ұрпақ қалыптастыру керек.

Рас, айтуға оңай-ақ, ал, іске келгенде іркіліп қалатынымыз тағы бар.  Демек, ұлтымыздың мақтаныштарын ұмытпай, ұлықтап отыру үрдісін үзбеген жөн. Яғни, тек мерейлі жылдарда ғана емес, былайғы уақытта да оларды жастарға үлгі етіп отырған дұрыс.

Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң, Абайдың шығармашылығын бес саусағымдай білемін. Бірақ, бұл орайда зерттелмеген, зерделенбеген, сын сүзгісінен өте қоймаған дүниелер көп. Яғни, Абай әлемі әлі де үлкен ізденісті талап етеді.

Осы орайда, болашақ абайтанушыларды мектеп қабырғасынан дайындаған артық етпейді деп ойлаймын. Өйткені, дара данышпанның мәңгілік мұрасы – келешек ұрпаққа аманат.

Абайды айтқанда, оның философиялық мазмұнға құрылған шығармалары ойға оралады. Оның өлеңдері мен қара сөздері, әндері мен басқа да еңбектері өмірді өкінбей сүрудің жолдарын үйретеді. Олай болса, оның шығармалары ертең де, одан кейін де мәңгі өлмейді деген сөз. Осыны аңғарған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған өз мақаласында зияткер ұлттың қалыптасуы Абайдан бастау алатынын айтады. Міне, осы қарқыннан қалмай, өркендеу мен өрлеу үрдісін енді жас ұрпаққа жалғауымыз қажет. Абайша айтқанда, «еріншек, бекер мал шашпақ» кейпінен шығып, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қаланайық!»


Азамат ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,
Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп директоры

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521