Жарақаттан кейін — жеңіске: Атырау облысының тұрғыны инклюзивті марафонда топ жарды

(0 Votes)

Махамбет ауданында өткен «SARAISHYQ Marathon–2026» марафоны аясында мүмкіндігі шектеулі әйелдер арасында Толкын Жулаева жеңімпаз атанды. Оның оқиғасы — рух күші мен белсенді өмірге қайта оралудың ең шабыттандыратын үлгілерінің бірі.

 

50 жасында ауыр жарақат алған Толкын ұзақ уақыт бойы үйден шықпаған. Өміріндегі бетбұрыс «Тиімді оңалту» лагеріне қатысқаннан кейін басталды. Сол жерде ол жүзумен, жалпы дене дайындығымен айналысып, қажетті психологиялық қолдау алды.

 

«Біз де адамбыз» қорының жобалары аясындағы тұрақты жаттығулардың арқасында Толкын денсаулығын айтарлықтай жақсартып, белсенді өмірге қайта оралды. Биыл ол марафонға алғаш рет қатысып, бірден бірінші орынды иеленді.

 

«Жеңісіме өте қуаныштымын. Өткен жылдан бері спортпен тұрақты түрде айналысып келемін — бізде күн сайын жалпы дене дайындығы мен жүзу жаттығулары өтеді. Бұл денсаулығыма үлкен әсер етті. Мүмкіндік бергені үшін „Біз де адамбыз“ қорына және „Теңізшевройл“ компаниясына алғыс айтамын. Балаларым да мендегі өзгерістерді байқап, бұрынғыдан көңілді болып, жиі күле бастағанымды айтады», — деді жеңімпаз.

 

Қатысушылар 5, 10 және 21,1 шақырым қашықтықтарды еңсерсе, мүгедектер арбасымен қозғалатын спортшылар үшін 3 шақырымдық жеке жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа «Біз де адамбыз» қорының 30-дан астам өкілі қатысты.

 

Толкын Жулаеваның оқиғасы қолдау, табандылық және өз-өзіне деген сенімнің кез келген қиындықты еңсеріп, жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік беретінін дәлелдейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT