Қызылқоға ауданы Жамбыл ауылдық округінде қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекенді абаттандыру мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында ауылдағы 7 көше бойы, мекеме аумақтары және 4 шақырым тас жол жиегі тазаланып, санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар көшелердегі тал қоршаулары мен қоқыс алаңшалары сырланып, ауылдың көркін жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Іс-шараға ауылдық округтегі барлық мекеме қызметкерлері мен «Жасыл ел» жасағының мүшелері, жалпы саны 38 адам белсене қатысты.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 1 тонна күл-қоқыс жиналып, арнайы белгіленген орынға шығарылды. Осындай сенбіліктер – туған жердің тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың және ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырудың жарқын үлгісі.
Кәмшат Әбіш



