Кеше Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауын тазалауға бағытталған «PLOGGING: Жайық жағалауындағы жасыл қадамдар» экологиялық акциясы өтті. Спорт пен қоршаған ортаны қорғауды ұштастырған шараға Atyrau Volunteer Corps еріктілері қатысып, өзен жағалауын қоқыстан тазартуға атсалысты.
Плоггинг – жүгіру немесе жаяу жүру барысында кездескен қоқысты жинауға негізделген экологиялық бастама. Осы арқылы қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қаланың тазалығына да үлес қосты.

Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарымен сабақтас. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындарды таза ұстау және табиғи аумақтарға ұқыпты қарауды насихаттау – акцияның негізгі бағыттарының бірі.
Жайық жағалауының тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған мұндай бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Еріктілердің айтуынша, табиғатты қорғау үлкен істерден ғана емес, әр адамның күнделікті қарапайым әрекетінен басталады.

Акция барысында белсенділік танытқан еріктілерге алғыс айтылып, қала тазалығына ортақ үлес қосуға үндеу жасалды. Таза орта – баршаға ортақ жауапкершілік.
Майра ЕРҒАЛИ



