Жайық бойында бақылау күшейді

(0 Votes)

Жайық өзенінің Дамбы бағыты, атап айтқанда Көкарна ауылынан төмен қарай Каспий теңізіне дейінгі аралық браконьерлік фактілері жиі тіркелетін учаскелердің бірі болып отыр. Бұл аумаққа «Кіші Дамбы» учаскесінен теңіз сағасына дейінгі жыл бойы белгіленген тыныштық аймағы да кіреді.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, аталған учаскелерді балық қорғау қызметкерлері күн сайын бақылауда ұстайды. Соған қарамастан, браконьерлер түнгі уақытта балық қорғау заңнамасын бұзып, өзенге заңсыз ау құралдарын орналастырады.

Браконьерлер пайдаланатын негізгі құралдардың бірі – қолдан жасалған, халық арасында «корыто (астау)» деп аталатын жүзу құралдары. Олар қолда бар материалдардан құрастырылып, көзге түспейтіндей етіп қамыс арасына жасырылып, негізінен түнгі уақытта пайдаланылады.

– Браконьерді қайықтан айырсақ, оны өзен арнасына тор салу мүмкіндігінен іс жүзінде айырамыз. Заңсыз қойылған торлардан, ең алдымен, әуесқой балықшылар зардап шегеді. Олар қармақтарын тыйым салынған ау құралдарына іліктіріп алады, — деді Олег Тушканов.

Осы аптада Дамбы балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері жүргізген кезекті рейд барысында браконьерлер пайдаланған 15 жүзу құралы анықталып, жиналды. Кейін аталған жүзу құралдарының барлығы жойылды.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары қыркүйек айында өткізген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзудың 320-дан астам фактісін анықтап, жолын кесті.

Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, өрескел құқық бұзушылық белгілері бар 30 материал сотқа жолданды. Тек 2026 жылдың қыркүйек айының өзінде заңсыз айналымнан шамамен 1 тонна балық, 30 жүзу құралы және 340 браконьерлік аулау құралы, оның ішінде торлар мен басқа да балық аулау жабдықтары тәркіленді.

Инспекцияның мәліметінше, Жайық өзеніндегі балық ресурс- тарын қорғауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Рейдтік іс-шаралар су полициясы қызметкерлерімен, учаскелік инспекторлар және шекара қызметімен бірлесіп жүргізіліп отырады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT